Абай облысында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ерекше спорттық шара өтті.
Абай облысы Полиция департаменті мен Баскетбол федерациясының ұйымдастыруымен «Есірткіге жол жоқ» тақырыбында облыстық баскетбол турнирі ұйымдастырылып, оған өңірдің 100-ге жуық жасөспірімі қатысты.
Шараның басты мақсаты – жастарды спортқа баулу ғана емес, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру. Себебі спорт – денені шынықтыратын жаттығу ғана емес, ерік-жігерді қалыптастырып, дұрыс таңдау жасауға жетелейтін өмір салты.
Турнир барысында жас спортшылар алаңда өзара мықтыны анықтап, командалық рух пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Ал спорт алаңының сыртында маңызды әңгіме өрбіді.
Шараға журналист әрі блогер Бахытгуль Казез арнайы қатысып, жасөспірімдермен ашық форматта әңгімелесті. Ол жастарға нашақорлықтың адам өміріне, денсаулығына және болашағына тигізетін зияны туралы айтып, кез келген жағдайда есірткіден аулақ болуға шақырды.
«Өмірде әр адамның алдында таңдау тұрады. Сол таңдаудың ең маңыздысы – өз болашағыңды таңдау. Спортпен айналысу, білім алу, арманыңа ұмтылу – есірткіге қарсы ең мықты ұстанымдардың бірі», – деген мазмұнда жастарға өз ойын жеткізді.
100 жасөспірім – 100 тағдыр, 100 арман, 100 мүмкіндік. Олардың әрқайсысы бүгін баскетбол алаңында ғана емес, өмірде де өз командасының капитаны бола алады.
Доптың әр соққысы – мақсатқа қарай жасалған қадам. Ал әр дұрыс таңдау – жарқын болашаққа бастар жол.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1295631?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау