Қазақстан мен GGGI Қабылдаушы ел туралы келісімге қол қойды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сеул, 2026 жылғы 21 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жасыл өсімнің жаһандық институты (GGGI) арасында Қабылдаушы ел туралы келісімге (Host Country Agreement) қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан құжатқа Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали, ал GGGI тарапынан Атқарушы директор Ким Сан Хёп қол қойды.

Келісімге қол қою Қазақстан мен GGGI арасындағы серіктестікті дамытудағы маңызды белеске айналып, жасыл өсім және орнықты даму салаларындағы практикалық ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады.

Қазақстан 2022 жылдан бері GGGI-дің мүше мемлекеті болып табылады. Осы уақыт ішінде тараптар арасындағы ынтымақтастық жасыл экономика, климаттық саясат, орнықты даму және инвестициялар тарту мәселелерін қамти отырып, дәйекті түрде кеңейіп келеді.

Елші аталған Келісім GGGI-дің Қазақстандағы қатысуын нығайтуға және нақты әрі инвестициялық тұрғыдан тартымды жобаларды әзірлеу арқылы жасыл өсім саласындағы ортақ басымдықтарды іске асыруға ықпал ететінін атап өтті.

Ол таза энергетика және сутегі, су ресурстарын басқару, жасыл қаржыландыру, төмен көміртекті және климаттық өзгерістерге төзімді қалалық даму, сондай-ақ орнықты даму мақсатында жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану секілді бағыттардағы ынтымақтастықтың келешегі зор екенін жеткізді.

«Біздің ортақ мақсатымыз – Қазақстанның жасыл экономикаға көшуіне ықпал ететін және нақты экономикалық әрі экологиялық нәтижелерді қамтамасыз ететін жобаларды іске асыру үшін сараптамалық әлеуетті, технологиялар мен инвестицияларды жұмылдыру», – деді Елші.

GGGI Атқарушы директоры Ким Сан Хёп Келісім Қазақстан мен Институт арасындағы серіктестіктің келесі кезеңі үшін маңызды негіз қалыптастыратынын атап өтті. Оның айтуынша, GGGI келесі жылдың өзінде Қазақстанда елдік кеңсе ашуды жоспарлап отыр және Қазақстанды Институттың Орталық Азиядағы өзара іс-қимылын кеңейтетін маңызды орталық ретінде қарастырады.

Ол сондай-ақ Қазақстанның Елшілігі мен Үкіметіне көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, GGGI серіктестікті нақты жобаларға, инвестицияларға және жасыл өсім саласындағы практикалық нәтижелерге айналдыруға дайын екенін атап өтті.

Келісім GGGI-дің Қазақстандағы қызметін кеңейтуге, мемлекеттік органдармен және халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ жасыл өсім жобаларына инвестициялар тартуға қосымша жағдай жасайды деп күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1296270?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version