Петропавл қаласының учаскелік полиция инспекторлары алдағы уақытта жұмысын жылдам әрі тиімді жүргізе алады. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында олардың қызметтік планшеттеріне жаңа бағдарламалық қамтамасыз ету орнатылуда.
Бұған дейін әр учаскелік инспектор журналдар, тізімдер мен жұмыс кестелерін жүргізуге көп уақыт жұмсайтын. Қару иелері, профилактикалық есептегі тұлғалар, отбасылық жанжал шығарушылар, шетел азаматтары және бұрынғы шақыртулар туралы мәліметтер әртүрлі базаларда және қағаз түрінде сақталды. Енді бұл ақпараттың барлығы цифрлық форматқа көшірілуде.
Планшеттерге учаскелік инспекторлар мен ішкі істер органдарының басшы құрамының жұмысын автоматтандыруға арналған «Цифрлық ПУИ» жүйесі мен мобильді қосымша орнатылуда. Қазір деректер базасын қажетті ақпаратпен толықтыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәліметтер серверлерге жүктелгеннен кейін инспектор өзіне бекітілген аумақта азаматтарды тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, жынысы және есеп түрі бойынша іздеп, деректерді жедел жаңарта алады. Жүйеде сондай-ақ іздеудегі тұлғалар туралы бағдарлар, учаскелік полиция пункттерінің тізілімі, бейнебақылау камераларына қолжетімділік, кіріктірілген талдау және аумақ бойынша статистика қамтылады.
17 қыркүйекте Петропавл қаласы полиция басқармасының 100-ге жуық учаскелік инспекторы практикалық сабаққа қатысты. СҚО ПД цифрландыру және жасанды интеллект басқармасының қызметкерлері елордалық IT-компания мамандарымен бірге жаңа жүйені планшеттер арқылы күнделікті жұмыста пайдалану жолдарын көрсетті. «Цифрлық ПУИ» жүйесін өңірде толық енгізу және ауқымын кеңейту жұмыстары жақын уақытта аяқталады деп күтілуде.
Учаскелік инспекторлардың қызметін көбіне «мың бір міндеттің жұмысы» деп атайды. Бұл қызметті заманауи технологиялармен жабдықтау полицейлерді күнделікті техникалық жұмыстардың бір бөлігінен босатып, олардың уақыт пен күшін азаматтармен тікелей жұмыс істеуге бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл – қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1295580?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау