2026 жылғы 12–16 қыркүйек аралығында ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Маңғыстау облысының Ақтау қаласында жергілікті атқарушы органдар инспекторларының біліктілігін арттыруға бағытталған кезекті оқыту семинарын ұйымдастырды. Іс-шара офлайн форматында өтті. Семинарға Астана және Алматы қалалары ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармаларының мамандары дәріскер ретінде қатысты. Оқу барысында тәжірибелік сабақтар өткізіліп, тұрмыстық газ баллондарын, тұрмыстық әрі коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларды газбен қамту объектілерін, сондай-ақ лифт шаруашылығы құрылғыларын қауіпсіз пайдаланудың өзекті мәселелері жан-жақты қаралды.
Оқытуға газ жүйелері мен лифт шаруашылығының қауіпсіздігін бақылайтын жергілікті атқарушы органдардың мамандары қатысты. Семинардың басты мақсаты — инспекторлардың теориялық білімі мен тәжірибелік дағдыларын шыңдау, сондай-ақ газбен жабдықтау және лифт шаруашылығы саласындағы нормативтік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету. Шара аясында қатысушыларға тексеру іс-шараларын ұйымдастыру мен жүргізу тәртібі, ҚР заңнамасында белгіленген инспекторлардың құзыреті мен өкілеттіктері түсіндірілді. Бұдан бөлек, тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылып, онда қатысушылар аталған объектілердегі технологиялық процестермен және қауіпсіздік нормаларымен танысты.
Сонымен бірге газбен қамту жүйелерін дамыту перспективалары мен инспекторлардың күнделікті жұмысында кездесетін түйткілді мәселелер талқыланды. Семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, дәрістер мен тәжірибелік сабақтардың мазмұны қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kpb/press/news/details/1296282?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау