БАЛАЛАРҒА ПАЛЛИАТИВТІК КӨМЕК КӨРСЕТУ: АЛМАТЫДА АЛҒАШҚЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БӨЛІМШЕ АШЫЛДЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда балаларға мамандандырылған паллиативтік көмек көрсету жүйесі дамып келеді. Биыл тамыз айында Алматы қаласының №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының базасында ауыр дертке шалдыққан балаларға арналған алғашқы мамандандырылған бөлімше ашылды.

Алматыға жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аталған бөлімшеде медициналық көмек көрсету жағдайларымен танысты.

Өткен жылдың желтоқсан айында көп жылдардан кейін алғаш рет балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты қайта қаралды.

Құжат медициналық көмек көрсету тәртібін айқындайды және ауруды емдеу мүмкіндігін, оның сипаты мен үдеуін, мерзімінен бұрын қайтыс болу қаупін және паллиативтік көмекке қажеттілікті ескере отырып, балаға паллиативтік сүйемелдеу қажет болатын аурулар мен жағдайлардың бес санатын белгілейді.

Бүгінде Қазақстанда паллиативтік көмекке мұқтаж 4 816 бала динамикалық бақылауда тұр. Еліміздің медициналық ұйымдарында 169 паллиативтік төсек жұмыс істейді.

2024 жылдан бастап «Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде паллиативтік көмекке мұқтаж балаларға арналған жеке база құрылды.

Бұл осындай пациенттерді жүйелі түрде есепке алуға, қажетті медициналық көмектің көлемін жоспарлауға және оның қолжетімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Жаңа бөлімше ауыр созылмалы және жазылмайтын аурулары бар балаларға тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді. Мұнда түрлі бейіндегі дәрігерлерден, медицина қызметкерлерінен және басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді.

Бөлімше өкпені жасанды желдету аппараттарымен, инфузиялық сорғылармен, медициналық аспираторлармен, өмірлік маңызды функцияларды бақылауға арналған мониторлармен, оттегімен қамтамасыз ету жүйесімен және басқа да арнайы медициналық жабдықтармен жабдықталған.

Паллиативтік көмек – бұл тек медициналық рәсімдермен шектелмейді. Балаға барынша қолайлы жағдай жасап, оның өмір сүру сапасын мүмкіндігінше арттыру, симптомдарды уақтылы бақылау, сондай-ақ отбасына кәсіби қолдау көрсету және күтім жасау бойынша көмек беру маңызды.

Осы бағытты үйлестіру үшін Балаларға паллиативтік көмек көрсету мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығы айқындалды. Оның негізгі міндеттеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік сүйемелдеу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін мониторингтеу, сондай-ақ мамандарды оқыту кіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1296934?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version