Берекелі шаңырақ – ел мерейі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Берекелі шаңырақ – ел мерейі
Қаратөбе ауданында «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының аудандық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.
«Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөздің мәні тереңде. Отбасы – адам баласының тәрбиесі қалыптасатын, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр сабақтастығы жалғасатын қасиетті шаңырақ. Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы – елдің тұрақтылығы мен қоғамның тұтастығының негізі.
Осы орайда Отбасы күніне байланысты Шөптікөл мәдени-спорт кешенінде «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының Қаратөбе ауданы бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне үлгі болу, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, береке-бірлікті насихаттау бағытында өнеге көрсетіп жүрген отбасылар көпшілікке таныстырылды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев отбасы мерекесіне орай құттықтауын жеткізіп, байқауға қатысқан жанұяларға ізгі тілегін білдірді.
– Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық, қоғамның берік негізі. Әрбір шаңырақтағы татулық пен өзара сыйластық, ата-ананың өнегесі мен балаға деген қамқорлық – елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды құндылықтар.
Қазақ халқы үшін отбасы ұғымының орны қашанда ерекше. «Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөздің мәні де осында. Өйткені бала бойындағы адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады.
Біздің ауданымызда да отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өнегелі жанұяларды үлгі ету, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Берекелі шаңырақтарымыздың өнегесі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі, – деген аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
Салтанатты жиында биылғы ұлттық байқауға қатысқан отбасыларға арнайы дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табысталып, олардың қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға қосып жүрген үлесі атап өтілді.
Аудандық кезең қорытындысы бойынша ІІІ орын Қаракөл ауылдық округінен қатысқан Жанғазиевтер отбасына және Сулыкөл ауылдық округінің атынан шыққан Есімғалиевтер отбасына берілді. ІІ орынға қаратөбелік Сәрсенғалиевтер отбасы лайық деп танылса, І орынды Қоскөл ауылдық округінің абыройын қорғаған Әзербаевтар отбасы иеленді. Байқаудың басты жеңімпазы – Аққозы ауылдық округінен қатысқан Қайрекеновтер отбасы.
Қайрекеновтер әулеті аудандық кезеңде топ жарып қана қоймай, облыстық кезеңде де Қаратөбе ауданының абыройын асқақтатты. Батыс Қазақстан облысы бойынша өткен байқауда отбасы бас жүлдені иеленіп, 1 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Сонымен қатар Қайрекеновтер отбасы республикалық кезеңге жолдама алды.
Айта кетерлігі, Қаратөбе ауданы бұл байқауда кейінгі жылдары да жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы Байтемировтер отбасы ІІ орын иеленсе, 2025 жылы Құрманғалиевтер отбасы аудан қоржынына ІІ орын әкелген. Ал биыл Қайрекеновтер отбасының облыстық кезеңде бас жүлдеге ие болуы – осы игі дәстүрдің жалғасы.
Отбасы – тек шаңырақ астындағы адамдардың бірлігі емес, ол – шағын мемлекет. Оның іргесі берік болса, елдің де еңсесі биік. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық танытып, ұрпағына өнегелі тәрбие беріп отырған әрбір отбасы – қоғамның рухани тірегі.
Салтанатты шара соңында Ғ.Құрманғалиев атындағы Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары арнайы концерттік бағдарламасын ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-karatobe/press/news/details/1297052?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version