Агенттіктің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын реттеуге қатысқан кезеңінде баға белгілеу тәсілдері қайта қаралып, сауда үстемелері мен әкімшілік кедергілер төмендетілді, сондай-ақ дәрілік заттардың едәуір бөлігі бәсекелестік ортаға шығарылды.
Жүйелі жұмыс алты жыл бойы жүргізілді. 2020 жылдың соңында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрілік заттар (ДЗ) мен медициналық бұйымдардың (МБ) бағасын қалыптастыру жүйесіне қосалқы реттеуші ретінде енгізілді. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыстың негізгі міндеті дәрілік заттар құнының негізсіз өсуіне және нарыққа қатысушылардың бәсекелестікке қарсы әрекеттеріне жол бермеуге бағытталған теңгерімді баға реттеуін қамтамасыз ету болды.
2020-2026 жылдар аралығында Агенттік ДЗ мен МБ-ға шекті бағаларды бекіту туралы бұйрықтардың жобаларын 38 рет келісті. Оларды қарау қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне бағалардың негізсіз өсуіне ықпал ететін факторларды жою, әкімшілік кедергілерді қысқарту және баға белгілеу тетігін жетілдіру жөнінде ұсынымдар жолданды.
Бастапқы кезеңде, пандемия жағдайында, Агенттік дағдарыстың теріс салдарын азайту бойынша жедел шаралар қабылдады. COVID-19-ға қарсы препараттардың бағасын қалыптастырудың ерекше тәртібі енгізіліп, негізсіз сауда үстемелері қайта қаралды. Нәтижесінде COVID-19-ға қарсы препараттардың құны 30-40%-ға, медициналық маскалардың құны үш еседен астам, ПТР-тестілердің құны екі есеге төмендеді. Кейін Агенттік реттеу тетігін жүйелі түрде өзгертуге және фармацевтикалық нарықта бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасауға басымдық берді.
2022 жылы Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне өзгерістер енгізіліп, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Ол бағаны артық реттеуді қысқартуды, бағаларды қалыптастырудың ашықтығын арттыруды және ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуға нарық қатысушыларының қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.
Жұмыс барысында Агенттік ДЗ мен МБ құнының негізсіз өсуіне алғышарттар жасаған бірқатар факторларды анықтады. Атап айтқанда, бағаларды қалыптастыру кезінде маркетингтік, көліктік және кедендік шығыстар, сапаны бағалау шығындары ескеріліп, сондай-ақ елеулі сауда үстемелері қолданылған. Бұл ретте тетік өндірушілердің нақты бағалары мен импорт құнын ескермеді.
Анықталған проблемаларды жою мақсатында Агенттік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп баға белгілеу тәсілдерін қайта қарады. Негізгі өзгеріс дәрілік заттардың нақты құнына, оның ішінде өндірушілермен жасалған шарттармен және импорттық бағаларды инвойстармен міндетті түрде растауға көбірек бағдарланған референттік баға белгілеуге көшу болды.
Референттік баға белгілеудің объективтілігі мен ашықтығын арттыру үшін сыртқы және ішкі референттеу құралдары енгізіліп, ақпарат көздерінің тізбесі кеңейтілді. Оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дәрілік заттардың бағалары жөніндегі NALVIN ақпараттық ресурстары пайдаланылды. Сондай-ақ бағаны қалыптастыру кезінде ескерілетін шығыстардың құрамы қайта қаралды. 2025 жылдан бастап сапаны бағалау, кедендік және көліктік шығыстар есептеуден толық алынып тасталды. ТМККК және МӘМС аясында дәрілік заттарды сатып алу кезінде де маркетингтік шығыстар алынып тасталды.
Сонымен қатар сауда үстемелері төмендетілді. Бөлшек сауда сегментінде үстеме 2022 жылғы 55%-дан 2026 жылы 30%-ға дейін, ерекше тәртіп бойынша 27,5%-дан 15%-ға дейін кезең-кезеңімен қысқартылды. Көтерме сауда сегментінде ерекше тәртіп бойынша үстеме 10,5%-дан 10%-ға дейін төмендетілді.
Бұдан бөлек, дәрілік заттардың бағасын саралау көзделді: қайта өндірілген дәрілік заттың (генериктің) бағасы түпнұсқа препараттың бағасынан 30%-ға, ал биоаналогтың бағасы биологиялық түпнұсқа препараттың бағасынан 10%-ға төмен болуы тиіс. Тиісті өзгерістер 2024 жылғы желтоқсанда дәрілік заттарға шекті бағалар мен үстемелерді қалыптастыру қағидаларында бекітілді. Баға белгілеу тетігі қайта қаралғаннан кейін дәрілік заттардың жалпы санының 76%-ы бойынша шекті бағалар орта есеппен 26,5%-ға төмендеді. Жекелеген позициялар бойынша төмендеу 10%-дан 90%-дан астамды құрады.
Агенттік жұмысының негізгі нәтижелерінің бірі мемлекеттік баға реттеу саласын кезең-кезеңімен қысқарту болды. Егер 2022 жылғы тамызда шекті бағалар дәрілік заттардың 7 537 сауда атауына белгіленсе, тізбені кезең-кезеңімен қайта қарау және препараттарды бәсекелестік ортаға шығару нәтижесінде қазіргі уақытта 4 994 ДЗ бағасы реттеледі. Барлығы 4 918 дәрілік зат бағаны реттеуден шығарылды.
2023 жылы рецептсіз босатылатын 302 препарат реттеуден шығарылды, 2024 жылы – 952 препарат. 2025 жылы рецептсіз босатылатын дәрілік заттарды реттеуден шығару толық аяқталып, 1 868 позиция реттеуден шығарылды. 2026 жылғы мамырдан бастап құны 1 АЕК-тен төмен 3 050 рецептілік дәрілік зат қосымша реттеуден шығарылды. 2027 жылы коммерциялық сегментте бағаны реттеуді толық аяқтау жоспарлануда. Мемлекеттік баға реттеуі тек ТМККК және МӘМС шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттарға қатысты сақталады.
Дәрілік заттардың бір бөлігін мемлекеттік баға реттеуінен шығарғаннан кейін таңбалау жүйесінің деректері негізінде нақты бағалар динамикасына мониторинг жүргізілді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті 2025 жылғы 8 тамыздағы және 2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша 2 635 ДЗ-ның өткізу бағаларын салыстырды.
698 дәрілік зат бойынша бағалар орта есеппен 26,2%-ға төмендеді: 456 позиция бойынша – 20%-ға дейін, 242 позиция бойынша – 20%-дан астам. 1 142 ДЗ бойынша бағалар өзгеріссіз қалды. 795 препарат бойынша бағаның өсуі тіркелді – орта есеппен 29,9%-ға, оның ішінде 646 позиция бойынша – 20%-ға дейін, 149 позиция бойынша – 20%-дан астам.
Мониторинг нәтижелері тұтастай алғанда реттеуден шығарылғаннан кейін бағаның айтарлықтай өсуі болмағанын көрсетеді және бәсекелестік орта жағдайында бағаларды дербес қалыптастыру мүмкіндігін растайды. Бұл ретте баға динамикасы Қазақстан Республикасының өңірлері бойынша ерекшеленеді.
Баға белгілеу тетігін жетілдіру дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарыққа шығаруға байланысты әкімшілік кедергілерді төмендетумен және рәсімдерді цифрландырумен қатар жүрді.
Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шеңберінде «Бірыңғай терезе» жобасы іске асырылуда. Ол бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде бағаларды тіркеуді, тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізуді, сараптамалар жүргізуді және препараттарды ұлттық дәрілік формулярға енгізуді автоматтандыруды көздейді. Цифрлық шешімдерді енгізу дәрілік заттарды нарыққа шығару мерзімдерін бірнеше жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
2026 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне енгізілген, Денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік заттарға шекті бағаларды дербес бекітуін көздейтін өзгерістер күшіне енеді. Осылайша, Агенттіктің ДЗ мен МБ бағасын қалыптастыру саласындағы қосалқы реттеуші ретіндегі қатысу кезеңі аяқталады.
Бұл тәсіл ЭЫДҰ-ның бәсекелестік жөніндегі ведомство мен салалық реттеушілердің функцияларын ажырату жөніндегі ұсынымдарына сәйкес келеді және Агенттіктің күш-жігерін бәсекелестікті қамтамасыз ету мен дамытуға шоғырландыруды көздейді.
Агенттік фармацевтикалық нарықтағы бәсекелестік ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізуді жалғастырады. Дәрілік заттарды таңбалау жүйесінің деректерін пайдалану бағалар динамикасы мен нарық қатысушыларының мінез-құлқын бақылауға, бағалардың негізсіз өсу белгілерін анықтауға және негіз болған жағдайда заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zk/press/news/details/1297193?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау