БҚО-да сегізінші “Жас сақшы” полиция сыныбы ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

     Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында “Жас сақшы” сыныбы ашылып, 18 оқушы ресми түрде жас сақшы мәртебесіне ие болды. Жаңа сыныпқа Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, Ақжайық аудандық полиция бөлімінде ұзақ жыл бойы мінсіз қызмет атқарған Хасан Сұлтанғалиевтің есімі берілді.

     Айтулы шараға Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қадыржан Сағын арнайы қатысып, жаңадан ашылған “Жас сақшы” сыныбының тәрбиеленушілеріне жылы лебізін білдірді.

— “Жас сақшы” сыныбы — жай ғана сынып емес, болашақ Отан қорғаушыларды, тәртіп пен заң үстемдігін ту еткен адал азаматтарды тәрбиелейтін мектеп. Бұл жол сіздерге елге адал қызмет етудің өнегесін көрсетіп, бойларыңызға азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениетті қалыптастырады, — деді ПД бастығының орынбасары жас сақшыларға.

     Бұл — Батыс Қазақстан облысында ашылған сегізінші арнайы сынып. Жаңа сыныпта 18 оқушы білім алады.

     Салтанатты жиын барысында оқушылар мектеп тәртібін сақтауға, білімге ұмтылуға, Отанын сүюге және елге адал қызмет етуге ант берді.

     Бағдарлама аясында балалардың құқықтық сауатын арттыруға және оларды отансүйгіштікке баулуға ерекше көңіл бөлінеді.

     Сонымен қатар бұл сыныптың түлектеріне болашақта ІІМ-нің ведомстволық оқу орындарына оқуға түсу кезінде басымдық беріледі.

     Айта кетейік, полиция сыныбына есімі берілген ардагер Хасан Сұлтанғалиев Отан қорғап, кейін бар ғұмырын ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнаған азамат. Ол майданда көрсеткен жауынгерлік ерлігі үшін “Даңқ”, “Ерлігі үшін” ордендерімен және бірнеше жоғары мемлекеттік наградамен марапатталған.

     Салтанатты шараға арнайы қатысқан Болат Хасанұлы әкесінің есімін ұлықтап, жас буынның тәрбиесіне ерекше мән беріп отырған полиция ұжымына отбасы атынан алғысын білдірді. Сондай-ақ жас сақшыларға сәттілік тіледі.

     Майдангер полицейдің есімі берілген жаңа сынып оқушылар арасында елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін дәріптейтін, полиция мектебінің беделін арттыратын маңызды ортаға айналмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1297079?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version