Алматыға жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова №4 қалалық клиникалық аурухананың базасында құрылған Аймақтық травматология және ортопедия орталығының жұмысымен танысты.
Министр аурухана аумағындағы тікұшақ алаңының жұмысын да көрді. Бұл – Алматыдағы ауруханалар ішінде тікұшақ алаңы бар жалғыз медициналық ұйым. Ол ауыр жарақат алған науқастарды, соның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары таулы және жетуі қиын өзге де аумақтан эвакуациялаған адамдарды ауруханаға жедел жеткізуге мүмкіндік береді.
«Травматологияда алғашқы сағат, яғни «алтын сағат» аса маңызды. Тікұшақ алаңының болуы науқасты ауруханаға жеткізу уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта санитариялық авиацияның мүмкіндігін кеңейту көзделіп отыр. Алматыдағы тікұшақ алаңдарының санын төртке дейін жеткізу жоспарланған», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл көмек көрсету кезінде «алтын сағат» қағидатын сақтаудың маңызын атап өтті.
Аймақтық травматология және ортопедия орталығы 2026 жылғы 26 тамызда ашылды. Мұнда ауыр жарақат алған науқастарға шұғыл тексеру мен диагностикадан, күрделі отадан бастап медициналық оңалтуға дейінгі толыққанды көмек көрсетіледі.
№4 қалалық клиникалық аурухананы жаңғырту аясында қабылдау бөлімі кеңейтіліп, пациенттерді жағдайының ауырлығына қарай сұрыптаудың халықаралық triage жүйесі енгізілді. Бөлімнің тәулігіне қабылдайтын науқас саны 250-ден 450-ге дейін артты. Қабылдау бөлімінде төрт операциялық зал жұмыс істейді, оның екеуі жаңадан ашылды. Сондай-ақ 12 төсек-орынға арналған жедел анестезиология және реанимация бөлімі бар.
Аурухана құрамында заманауи соңғы үлгідегі B-Plan ангиографымен жабдықталған Тері арқылы коронарлық араласулар орталығы да жұмыс істейді. Мұнда жүрек тамырларын жоғары дәлдікпен тексеру және емдеу шаралары жүргізіледі.
№4 қалалық клиникалық аурухана – 500 мыңнан астам қала тұрғынына медициналық көмек көрсететін ірі көпбейінді аурухана. Клиника бірқатар медициналық бағыт бойынша Алматының барлық тұрғынына қызмет көрсетеді.
Мұнда жыл сайын 12 500-ге дейін ота жасалады. Ауруханада 1 118 қызметкер еңбек етеді, оның 260-ы – дәрігер.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1297594?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау