Атбасарда қайта жаңғыртудан кейін жаңа теміржол вокзалы ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Атбасар қаласында 1956 жылы салынған ғимараттың орнына бой көтерген жаңа теміржол вокзалының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

«Бұрынғы вокзал ғимараты қала тарихының бір бөлігіне айналды. Жетпіс жылға жуық уақыт бойы ол атбасарлықтардың талай буынын қарсы алып, шығарып салды. Жобалаушыларға, құрылысшыларға, техникалық мамандарға және жаңғырту жұмыстарына атсалысқан барша азаматқа шынайы алғысымды білдіремін. Әрине, жұмыс жүргізілген кезеңде сабыр танытып, түсіністікпен қараған қала тұрғындарына да ризашылығымды білдіремін», – деді өңір басшысы.

Жаңа вокзал заманауи құрылыс нормалары, қауіпсіздік талаптары және жолаушылардың қажеттіліктері ескеріле отырып салынды. Жоба аясында инженерлік желілер мен жабдықтар толық жаңартылып, перрон қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ вокзал маңындағы алаңды абаттандыру көзделген. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға баса мән берілді. Вокзал қызметін жыл сайын 100 мыңнан астам жолаушы пайдаланады.

Жұмыстарға қоғамдық кеңес те тікелей атсалысты. Мердігер ұйым мен тапсырыс берушілер қала тұрғындарының пікіріне құлақ асып, олардың ұсыныстарын ескерді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанда 124 теміржол вокзалын жаңғырту бойынша ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. 16 жолаушылар пойызы қатынайтын жаңартылған Атбасар вокзалы қаланың заманауи көлік инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналып, тұрғындарға нақты пайдасын тигізетініне сенімдімін», – деп атап өтті ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбуғанов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өңірде 16 теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Бұл – Қазақстан өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Атбасар вокзалы жаңартылған 15-нысан болды. Жұмыстардың соңғы нүктесі облыс орталығындағы теміржол вокзалын жаңғыртумен қойылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1297385?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version