Биыл күзде Аманғос Төлеуов 77 жасқа толады. Оның саналы ғұмырының қырық жылдан астамы Ақтөбе облысының Ресеймен шектесетін, елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан өңірдегі «Степное» шаруашылығымен тығыз байланысты.
Осы жылдар ішінде ел өмірінде талай өзгеріс болды. Экономикалық жүйе жаңарды, шаруашылық жүргізудің тәртібі өзгерді. Ауыл шаруашылығына жаңа техника мен технологиялар келе бастады. Өндірісті ұйымдастырудың бұрынғы тәсілдері де жаңаша сипат алды. «Степное» шаруашылығы да осы өзгерістердің барлығын бастан өткерді: қайта құру кезеңі, тоқсаныншы жылдардың тоқырауы мен қиындықтары, одан кейінгі аграрлық саланың жаңа даму кезеңі.
Бүгінде «Степное» серіктестігі 25 мың гектар егістік алқабы бар, мал шаруашылығын дамытып, өз өнімін өзі өңдейтін іргелі көпсалалы шаруашылық. Мұнда астық және майлы дақылдар өсіріледі. Шаруашылыққа қарасты диірмен, шұжық цехы мен наубайхана жұмыс істейді.
Алайда бүгінгі толымды тіршіліктің негізі бір күнде қаланған жоқ. Шаруашылықтың тағдыры таразыға түскен, көптеген кәсіпорынның болашағы бұлыңғыр болған жылдары қабылданған батыл шешімдер «Степное» серіктестігінің сақталып қалуына жол ашты.
Кеңес дәуірінде бұл өңірде 153 шаруашылық болған. Кеңестік жүйе тарағаннан кейін олардың дені жұмысын тоқтатты. Өндірістік нысандар қараусыз қалып, техника тозды. Жер үлестері жеке меншік иелеріне бөлініп, жұмыс орындары қысқара бастады.
Осындай алмағайып кезеңде шаруашылықты бөлшектемей, біртұтас құрылым ретінде сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Жер үлестері серіктестік құрамында қалды. Техника мен өндірістік база сақталды. Әлеуметтік нысандардың да жұмысы тоқтаған жоқ.
Аманғос Төлеуовтің бұл салада тәжірибесі жеткілікті еді. Орал ауыл шаруашылығы институтын зоотехник мамандығы бойынша тәмамдаған ол кеңес заманында-ақ мамандандырылған шаруашылық бірлестігін басқарған. Ал ел нарықтық экономикаға бет бұрған тұста шаруашылықтың тізгінін жаңа жағдайда ұстауға тура келді.
Тоқсаныншы жылдары басты мақсат — өндірісті тоқтатпау, ең бастысы, адамдарды жұмыспен қамту болды. Бірақ шаруашылық басшылығы ауылдың әлеуметтік мәселелерін де назардан тыс қалдырмады.
Өйткені ол кезде ауылдың қалыпты тіршілігіне қажетті нысандардың сақталуының өзі үлкен мәселе еді.
«Балабақшаны жекешелендіріп жіберуге жол бермедік. Мектеп пен амбулатория жұмыс істеп тұрды. Тоқсаныншы жылдардың ең қиын кезінде Мәдениет үйін салдық. Көшелерге асфальт төселді, үйлерге газ бен су кіргізілді», — дейді шаруашылық басшысы.
1991 жылдан бері Қарғалы ауданының бірнеше елді мекеніндегі мектеп оқушылары ыстық тамақпен қамтылып келеді. Тоқсаныншы жылдары аталған шаруашылық ауыл көшелерін абаттандыруға, елді мекендерді электр қуатымен қамтамасыз етуге, су құбыры мен газ желілерін тартуға да атсалысты.
Бүгінде шаруашылық егін және мал шаруашылығын қатар дамытып, өндірілген өнімді өз ішінде өңдеуге басымдық беріп отыр. Өңдеу өндірісінің жолға қойылуы ауыл шаруашылығының дәстүрлі бағыттарын жаңа мүмкіндіктермен толықтырды.
Шаруашылықта туған өлкенің тарихын ұлықтау, тарихи жадты сақтау және мәдени мұраны дәріптеу ісіне де ерекше мән беріледі.
Ірі агроқұрылымды басқарып отырған Аманғос Төлеуов елеулі еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері». «Құрмет белгісі», «Құрмет» және «Отан» ордендерімен марапатталған.
Ал ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің кезекті форумында Президенттің қолынан жоғары мемллекеттік марапат «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған.
«Мұның бәрі — халықтың, еңбек еткен адамдардың елеулі еңбегінің нәтижесі. Мен алған марапаттың барлығы баршаға ортақ», — дейді Аманғос Төлеуов.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1298001?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау