Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) – Қазақстан Республикасында азаматтың мүгедектігін, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және әлеуметтік қорғау шараларын айқындау мақсатында жүргізілетін сараптама.
МӘС жүргізу бірнеше негізгі кезеңнен тұрады.
1. Медициналық ұйымның жолдамасы
Азаматты МӘС-ке жіберу туралы шешімді тұрғылықты немесе тіркелген жері бойынша медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы (ДКК) қабылдайды.
МӘС-ке жолдау ағза функцияларының тұрақты бұзылуына әкелетін созылмалы аурулар, жарақат салдарлары немесе басқа да денсаулық бұзылыстары болған жағдайда жүзеге асырылады.
ДКК МӘС-ке жолдау алдында қажетті диагностикалық зерттеулердің, бейінді мамандар консультацияларының, сондай-ақ жүргізілген емдеу және оңалту шараларының нәтижелерінің толықтығын қамтамасыз етеді.
2. Құжаттарды тапсыру және өтініш беру
МӘС жүргізу белгіленген тәртіпке сәйкес сырттай немесе дәстүрлі форматта жүзеге асырылуы мүмкін.
Сырттай (экстерриториялық) форматта азамат қажетті медициналық тексерулерден тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымда өтеді. Медициналық ақпарат ақпараттық жүйе арқылы электрондық форматта жолданады. Сараптаманы басқа өңірдің МӘС сарапшылары жүргізеді.
Дәстүрлі форматта азамат немесе оның заңды өкілі белгіленген тәртіппен МӘС бөліміне жүгінеді.
3. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы жүргізу
МӘС сарапшылары ұсынылған медициналық құжаттарды, клиникалық және функционалдық жағдайды, диагнозды, жүргізілген емнің тиімділігін және ағза функцияларының бұзылу дәрежесін бағалайды.
Сараптама нәтижесінде қолданыстағы талаптарға сәйкес мүгедектік тобы, оның мерзімі, сондай-ақ еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленеді.
4. Оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу
Сараптама қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамға оңалтудың жеке бағдарламасы (ОЖБ) әзірленуі мүмкін.
Бағдарламаға қажеттілігіне қарай:
- медициналық оңалту;
- әлеуметтік және техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету;
- протездік-ортопедиялық құралдар;
- кресло-арбалар және басқа да көмекші құралдар;
- гигиеналық құралдар;
- кәсіптік оңалту;
- арнаулы әлеуметтік қызметтер
сияқты шаралар енгізіледі.
5. Сараптама нәтижесін алу
МӘС аяқталғаннан кейін азаматқа белгіленген тәртіппен сараптама нәтижесі ұсынылады.
Оның ішінде:
- мүгедектік туралы анықтама;
- еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы мәлімет;
- оңалтудың жеке бағдарламасы берілуі немесе электрондық форматта қолжетімді болуы мүмкін.
МӘС шешіміне шағымдану
Егер азамат МӘС шешімімен келіспеген жағдайда, заңнамада белгіленген тәртіппен және мерзімде жоғары тұрған МӘС бөліміне немесе сотқа шағымдануға құқылы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhambyl/press/news/details/1298036?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау