Қабырғаларға граффити салу, қоғамдық нысандарды бүлдіру – жай ғана балалық емес. Шахтинск қаласында Орталық саябақтағы мүлікке зақым келтірген екі жасөспірім әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталды.
Әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында полиция қызметкерлері Шахтинск қаласының Орталық саябағында қоғамдық мүліктің бүлінгені туралы жарияланымды анықтады. Кадрлардан саябақ аумағындағы қоғамдық дәретхананың есігі зақымданып, қабырғаларына түрлі жазулар мен граффити салынғаны көрінген.
Ақпарат бойынша Шахтинск қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері жедел тексеру жүргізіп, оқиғаға қатысы бар екі кәмелетке толмағанды анықтады. Олар – 17 және 15 жастағы колледж студенттері.
Жасөспірімдердің заңды өкілдеріне қатысты заң аясында шара қолданылды.
Сонымен қатар жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға қоғамдық мүлікке ұқыпты қараудың маңызы түсіндіріліп, мұндай әрекеттердің құқықтық салдары мен жауапкершілігі ескертілді.
Полиция қоғамдық орындарды бүлдіруді әзіл немесе ермек деп қабылдауға болмайтынын ескертеді. Саябақтар мен абаттандыру нысандары – тұрғындардың ортақ игілігі. Оларды бүлдіру өзгелердің демалысына қолайсыздық келтіріп қана қоймай, заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Полиция әлеуметтік желілердегі мониторингті тұрақты түрде жалғастыруда. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, оның алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.
Полиция ата-аналарды балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың мінез-құлқына бақылау жасауға және кез келген заңсыз әрекеттің салдарын түсіндіруге шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1297428?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау