Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында өтіп жатқан халықаралық іс-шаралар аясында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастаған делегация Хубэй провинциясының бірқатар жетекші компанияларымен кездесіп, келіссөздер жүргізуде.
Кездесулер барысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, халықаралық логистика, туризм, экология, қалдықтарды басқару, мәдени индустрия және спорт салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Атап айтқанда, «Ухань Хоуюй» шекарааралық электронды сауда компаниясы және «Ухань Чанцзян Шанше» сауда компаниясымен импорт-экспорт бағытындағы әріптестік, «Хубэй Хуаху әуежайы» халықаралық жеткізу тізбегін басқару компаниясымен логистика саласындағы байланыстарды дамыту мәселелері қаралды. Ал «Хайвай Цзяньци» шетелдік туристік агенттігімен туризм саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Экология және қалалық инфрақұрылым бағытында «Ухань Саньчжэнь өнеркәсібі» және «Ухань Хуаньтоу Цяньцзышань» экологиялық индустрия компанияларының да тәжірибесі таныстырылды. Кәсіпорындар муниципалдық сарқынды суларды тазарту, қалдықтарды өңдеу және экологиялық жобаларды іске асыру бағыттарында жұмыс істейді.
Сонымен қатар «Ухань Чжисин Гуаньлань» компаниясымен мәдени-шығармашылық және мәдени индустрия саласындағы, ал Ухань халықаралық спорт жарыстарын басқару компаниясымен халықаралық спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бағытындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері қарастырылды.
Сондай-ақ, сапар барысында Түркістан делегациясы бірқатар өндірістік кәсіпорындарды аралап, олардың заманауи технологиялары мен өндірістік тәжірибесімен танысты.
Кездесулердің негізгі мақсаты – Уханьның озық тәжірибесін зерделеп, Түркістанға тиімді технологиялық шешімдер мен жаңа серіктестер тарту, сондай-ақ нақты бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1297346?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау