Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Нүркен Блялов «Индустриальная Караганда» газетіне зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы өзгерістер және олардың азаматтар үшін маңызы туралы айтып берді.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10 пайызға арттырылды. Сонымен қатар мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері де ұлғайтылды.
2026 жылы зейнетақының ең төменгі мөлшері 69 049 теңгені, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені құрайды. Базалық зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылға дейін болған немесе ол болмаған жағдайда төлем мөлшері күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. 10 жылдан асатын әрбір толық жыл үшін төлем мөлшері 2 пайызға ұлғайтылады. 2026 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 118 пайызына дейін жетуі мүмкін. Сондықтан еңбек өтілі мен зейнетақы жарналары туралы мәліметтердің уақтылы көрсетілуі маңызды.
Бұдан бөлек, биылғы 1 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы мен Моңғолия Үкіметтері арасындағы зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім күшіне енді. Ол екі елде де еңбек өтілі бар азаматтардың зейнетақы құқықтарын қорғауға бағытталған.
Қазақстан үшін бұл Моңғолия аумағында бұрын тұрған және еңбек өтілін жинақтаған, кейін елімізге тұрақты тұруға көшіп келген азаматтарға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ерекше маңызды.
Егер бұған дейін Моңғолияда жинақталған кезеңдерді растау кезінде негізінен еңбек өтіліне баса назар аударылса, келісім күшіне енгеннен кейін әскери қызмет өткерген және білім алған кезеңдерді де есепке алу көзделген.
Әңгіме Моңғолия аумағындағы әскери қызмет кезеңдері, сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, арнаулы орта білім беру жүйесінде және діни немесе рухани білім беру ұйымдарында оқу кезеңдері туралы болып отыр.
Бұл кезеңдер автоматты түрде есепке алынбайды. Олар Моңғолияның құзыретті органы тарапынан расталуы тиіс. Осыдан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемін тағайындау кезінде есепке алынады. Ол үшін Комитеттің аумақтық бөлімшесі Моңғолияның құзыретті органына тиісті сұрау жолдайды.
Моңғолия тарапынан растау жауабы алынғаннан және растайтын құжаттар зейнетақы ісіне қоса тіркелгеннен кейін Департамент осы құжаттарды зейнетақы ісіне тіркеген күннен бастап зейнетақы төлемдерін тиісті қайта есептеуді жүргізеді.
Осылайша, Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған азаматтар үшін бұл келісімнің практикалық маңызы зор. Егер азамат Моңғолияда әскери қызмет өткерген немесе білім алған болса және аталған кезең Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келсе, енді мұндай кезеңді мемлекетаралық деңгейде ресми түрде растау тетігі бар.
Сонымен қатар келісім екі мемлекеттің аумағында жинақталған еңбек өтілін өзара растауды көздейді.
Зейнетақы тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған, уақыт жағынан бір-бірімен сәйкес келмейтін еңбек өтілі тиісті елдің құзыретті органы растаған жағдайда есепке алынады.
Осылайша, келісімнің 2026 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енуі Қазақстан мен Моңғолияда еңбек өтілі бар азаматтардың зейнетақы құқықтарын растау мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Зейнетақымен қамсыздандыру бүкіл еңбек жолы бойында қалыптасатынын атап өткен жөн.
Сондықтан өз еңбек өтілі, зейнетақы жарналары туралы мәліметтерді уақтылы тексеру, ал Моңғолиядан келген азаматтар үшін жұмыс істеген, білім алған және әскери қызмет өткерген кезеңдерді растайтын құжаттарды сақтау маңызды.
Біздің міндетіміз – зейнетақы тағайындау кезінде заңнамада көзделген барлық расталған кезеңдердің есепке алынуын қамтамасыз ету және азаматтардың зейнетақы құқықтарының толық көлемде іске асырылуына жағдай жасау.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-karagandy/press/news/details/1297492?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау