Еңбек күні: Қарағанды мен Теміртау мұражайларында өткен мен бүгінгі кәсіптер таныстырылады

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Иллюстрация ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Қарағанды облысында мерекеге орай кәсіпті тек күнкөріс көзі ғана емес, тарих пен мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде тануға мүмкіндік беретін танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ғасырлар бұрын ел тұрмысында маңызды болған кәсіптер мен бүгінгі еңбек адамдарының болмысын өнер туындылары мен музей экспозицияларынан танып-білуге болады.

Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейі келушілерді «Қазақ даласының ұмытылған кәсіптері» атты экскурсияға шақырады. Танымдық экскурсия 25 қыркүйектен басталады. Келушілерге өткен дәуірде кең тараған алты кәсіп туралы әңгімеленеді.

Көшпелі қазақ қоғамында отбасы мен тұтас ауылдың тұрмыс-тіршілігі тікелей тәуелді болған кәсіби мамандар аз болмаған. Көшбасшы – көш жолдары мен қоныс аударуға қолайлы жағдайларды жақсы білген. Құдықшы – су көздерін іздеп, елді мекеннің су қажеттілігін қамтамасыз етсе, қағушы – аңшылық кезінде аңшыға жәрдемдескен. Кіреші – жүк тасымалдаумен айналысқан, сынықшы – жарақат пен сүйек сынуын емдеген. Ал нақышшы ою-өрнек салу өнерін жетік меңгерген.

Ұйымдастырушылар экскурсия жетекшісінің әңгімесін тыңдаумен ғана шектелмеуге шақырады. Келушілер өткен дәуір шеберлерінің рөлін өздері байқап көріп, әр кәсіпке қатысты интерактивті тапсырмаларды орындауға мүмкіндік алады.

Ал Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында 27 қыркүйекке дейін «Еңбегі еленген еңбек ерлері» атты көрме өтеді. Экспозициядан қарағандылық және қазақстандық суретшілердің әртүрлі кәсіп иелеріне арналған шығармаларын көруге болады. Көрмеде кеншілер мен металлургтер, мұғалімдер мен дәрігерлер, ғалымдар мен мәдениет саласының қызметкерлері бейнеленген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1298228?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version