Жетісу облысының Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Әлеуметтік желілерге кезекті мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері TikTok платформасындағы тікелей эфирде бейәдеп сөздер қолдану дерегін анықтады. Құқық бұзушы Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны болып шықты. Тексеру барысында әйелдің бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылықтар үшін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, ол қоғамдық тәртіпті қайта бұзған. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қажетті материалдарды жинақтап, сотқа жолдады. Істі қарау нәтижесінде әйел кінәлі деп танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оның кәмелетке толмаған жас балаларының бар екенін ескере отырып, әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Жетісу облысының полициясы ескертеді: әлеуметтік желілер заң талаптарынан тыс кеңістік емес. Көпшілікке арналған тікелей эфирлерде жалпыға ортақ әдеп нормаларын сақтау міндетті. Бейәдеп сөздер қолдану заңда көзделген негіздер болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу, интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1298171?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау