Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсаинов Талдықорған қаласының көшелерін жеке аралап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік жағдайын зерделеді. Негізгі мақсат – жергілікті жердегі ахуалды өз көзімен көріп, тұрғындармен тікелей тілдесу, олардың пікірлері мен назар аударуды қажет ететін мәселелерін тыңдау. Аралау барысында полиция қызметкерлері азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, жолдан қауіпсіз өту ережелерінен бастап, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелеріне дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардың жекелеген өтініштері бойынша тиісті шаралар сол жерде қабылданды. Аралау қорытындысы бойынша жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері қаралды. «Полицияның жұмысы тек жасалған құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы – олардың алдын алу, жергілікті жердегі мәселелерді көріп, халықтың үнін есту. Сондықтан тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасау – біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі. Статистикадағы әрбір санның артында полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегі және ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігі тұр», – деп атап өтті Сарқытбай Құсаинов. Жыл басынан бері Жетісу облысында көлік құралын мас күйінде басқарудың 480 дерегі, ұсақ бұзақылықтың 380 фактісі, қоғамдық орындарда мас күйінде жүрудің 5 мыңға жуық жағдайы, түнгі тыныштықты бұзудың 2 300 және абаттандыру қағидаларын бұзудың 12 500 дерегі анықталып, жолы кесілді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, кейбір азаматтар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, соның ішінде көлік тізгініне мас күйінде отыруын жалғастыруда. Мұндай жауапсыз әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіріп, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Заң мен тәртіп әрқайсымыздан басталады. Заң талаптарын сақтау, айналадағы адамдарға құрметпен қарау, жолда жауапкершілік таныту және қоғамдағы жағдайға бейжай қарамау – өңір қауіпсіздігіне қосқан ортақ үлесіміз. Жетісу облысының полициясы халықпен ашық диалогты жалғастыра отырып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жүргізуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1298223?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау