Маңдай термен маңайына береке дарытып, ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдары Елорда төрінде ұлықталды. Еңбек күні қарсаңында 30, 40, тіпті 50 жылдан астам ғұмырын сүйікті кәсібіне арнаған мамандарға мемлекеттік наградалар табысталды.
Құрметке бөленгендердің қатарында Ақтөбенің абыройын арқалап барған еңбек озаттары да бар.
Астана қаласындағы Президенттік орталықта «Еңбек — ел мұраты» республикалық форумы өтті. Форум жұмысына Үкімет басшысы Олжас Бектенов және еліміздің әр өңірінен келген еңбек адамдары қатысты. Арасында 44 жыл бойы троллейбус тізгіндеген жүргізуші де, жарты ғасырға жуық машинист болып еңбек еткен маман да бар. Токарь, слесарь, механизатор, станокшы, электр монтері, дәнекерлеуші, тракторшы, жүргізуші сынды кәсіп иелері де еңбектің қадірін танытқан жандар қатарынан көрінді.
Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан еңбек адамдарына «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерін және «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Мемлекеттік марапат иегерлерінің қатарында ақтөбелік еңбек адамдары да бар.
Солардың бірі — «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС бөлім басшысы Арыстанқали Байымбетов. 39 жылдық еңбек өтілі бар маман «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының слесарь-жөндеушісі Шалғымбай Мырзалиев «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
— Жалпы, мұнай саласында еңбек етіп келе жатқаныма 42 жыл болды. Оның ішінде осы компанияда 27 жыл жұмыс істедім. Еңбегімді бағалап, мемлекеттік марапатқа ұсынған ұжым басшылығына, ұйымдастырулышарға алғысым шексіз. Бұған дейін 2017 жылы «Өндіріс озаты» атандым. Сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының құрылғанына 25 жыл толуына орай мерейтойлық күміс медальмен марапатталдым. Барлығына ризамын. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — дейді марапат иегері.
Шалғымбай Мырзалиев 1967 жылы 15 шілдеде Қызылорда облысында дүниеге келген. 1992 жылы Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдап, еңбек жолын 1993 жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да 3-разрядты слесарь-жөндеуші болып бастады. Кәсіби біліктілігін жетілдіруге де мән берген маман 2008 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мұнай және газ өнеркәсібінің машиналары мен жабдықтары» мамандығы бойынша бітіріп, инженер біліктілігін алды. 2010 жылдан бері «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының пайдалану жабдықтарын жөндеу-прокат цехында 5-разрядты слесарь-жөндеуші болып еңбек етіп келеді. Әріптестері Шалғымбай Мырзалиевті еңбекқорлығы мен кәсіби тәжірибесі мол, жас мамандарға жол көрсетіп, кейінгі буынға үлгі болып жүрген білікті маман ретінде бағалайды.
Форумда еңбек адамдарының кәсіби шеберлігін дәріптеуге бағытталған «Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Жеңімпаздар «Үздік еңбек әулеті», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» және «Өндірістің үздік жас маманы» номинациялары бойынша анықталды.
Олардың қатарында «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ пигментті хром оксиді бөлімшесінің шебері Асылбек Ақшолақов та бар. Ол «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» атанды.
Еңбек күні — маңдай термен ел игілігін еселеп жүрген жандарға құрмет көрсетуге арналған айтулы мереке. Форумда марапатталған азаматтардың әрқайсысының еңбек жолы — кейінгі буынға өнеге, ал кәсібіне адалдығы — ел дамуына қосылған елеулі үлес.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1299294?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау