Подгорица, 2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулы Ғ.Темірбек Черногория Теңіз істері министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Йован Шчекичпен кездесті. Тараптар теңіз көлігі, порт инфрақұрылымы және логистика салаларындағы қазақстандық-черногориялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Халықаралық көлік-логистика бағыттарын, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту аясында Бар портының әлеуетін пайдалану мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Бар портының қазақстандық және транзиттік жүктерді Адриатика теңізіне және одан әрі Балқан өңірі мен Еуропа нарықтарына шығарудың ықтимал бағыттарының бірі ретіндегі әлеуеті атап өтілді.
Бас консул Мемлекеттік хатшыны Қазақстан Республикасының Хорватиядағы және Черногориядағы Елшісі (қоса атқарушы) Дәулет Батырашевтің ү.ж. 10-11 қыркүйектегі жұмыс сапарының қорытындылары туралы хабардар етті. Сапар аясында Черногория Премьер-министрімен, бірқатар министрліктердің басшыларымен, сондай-ақ «Лука Бар» АҚ басшылығымен кездесулер өткізілді. Сапар барысында екі ел арасындағы көлік-логистика ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Әңгімелесу барысында тараптар сондай-ақ Бар портының инфрақұрылымын қазақстандық экспорттық және транзиттік жүктерді тасымалдау үшін пайдалану, Орталық Азия мен Адриатика өңірі арасындағы жүк ағындарын дамыту, сондай-ақ екі елдің мүдделі компаниялары арасындағы өзара іс-қимылдың ықтимал нысандары жөнінде пікір алмасты.
Й.Шчекич Черногория Теңіз істері министрлігінің Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін растады және елдің көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ порт қызметіне қатысушылар арасындағы цифрлық өзара іс-қимылды жетілдіру жоспарлары туралы хабардар етті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын одан әрі пысықтауға және Қазақстан мен Черногорияның бейінді мемлекеттік құрылымдары, көлік-логистика компаниялары мен порт операторлары арасындағы тікелей жұмыс байланыстарын қолдауға уағдаласты.
Аталған кездесу Черногория Президенті Я.Милатовичтің 2026 жылғы 18-20 маусымда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды одан әрі іске асыру аясында өтті, оның қорытындысы бойынша көлік және логистика екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының қатарына енгізілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-podgorica/press/news/details/1299158?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау