ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен өңір спортшыларын қабылдап, құрмет көрсетті.
Облыс әкімі спортшыларды жеңісімен құттықтап, олардың халықаралық аренадағы жетістігі өңірде спортты дамытуға, жас спортшыларды жігерлендіруге және өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға зор серпін беретінін атап өтті.
– Сіздер ел сенімін ақтап, Мемлекеттік Туымызды көкке желбіреттіңіздер. Осы жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! 100-ден аса мемлекеттен 3 мыңға жуық спортшы қатысқан дүбірлі сынға өңірімізден 21 спортшы қатысып, 17 медаль еншілеп отырсыздар. Оның ішінде Қазақстан қоржынына 9 алтын медаль салдыңыздар. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сіздерге, бапкерлеріңіз бен ата-аналарыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында халықаралық додада жеңіске жеткен және жүлделі орындарға ие болған спортшыларға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттары табысталды.
ШАРДАРАЛЫҚ ҚОЛ КҮРЕС ШЕБЕРЛЕРІНІҢ ҚОС АЛТЫНЫ
Түркістан облысы спортшыларының жоғары нәтижесіне Шардара ауданының қол күрес шеберлері де елеулі үлес қосты.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Шардара ауданының спортшылары Нұрдәулет Айдархан мен Медет Құттымұратов қол күресінен ел намысын абыроймен қорғап, әрқайсысы екі алтын медальдан иеленді.
90 келі салмақта сынға түскен Нұрдәулет Айдархан оң және сол қол санаттарында қарсыластарынан басым түсіп, жарыстың қос чемпионы атанды.
Ал 90 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Медет Құттымұратов та оң және сол қол санаттарында үздік шығып, Қазақстан қоржынына қатарынан екі алтын медаль салды.
Осылайша, Шардараның қос бірдей саңлағы ел қоржынына төрт алтын медаль әкеліп, Түркістан облысының жалпы жетістігіне елеулі үлес қосты.
Сонымен қатар қол күресінен Ұлжан Оралбай жоғары нәтиже көрсетіп, оң және сол қол санаттарында екі күміс медаль жеңіп алды.
Осылайша, Шардара ауданының қол күрес шеберлері VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 4 алтын және 2 күміс медаль иеленіп, аудан спортының халықаралық деңгейдегі әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл нәтиже – спортшылардың бірнеше жылдық тынымсыз еңбегінің, бапкерлердің кәсіби ізденісінің, тұрақты жаттығудың және спортқа көрсетіліп отырған қолдаудың нақты жемісі.
Нұрдәулет Айдархан мен Медет Құттымұратовтың халықаралық аренада қатарынан қос алтыннан иеленуі – Шардара ауданы үшін ғана емес, Түркістан облысы үшін де зор мақтаныш.
Олардың жеңісі бүгінде Шардарадағы жас спортшыларға үлкен мотивация беріп, қол күресіне қызығушылық танытқан өскелең буынға нақты үлгі болып отыр.
ТҮРКІСТАН СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛПЫ ЖЕТІСТІГІ
Аударыспақтан Дарын Өткелбай, Сырым Ізбасаров және Сайлау Мұхаммеджан алтын медаль жеңіп алды. Теңге ілуден Қанат Бақтыбай жеңімпаз атанса, тоғызқұмалақтан командалық есепте Аружан Салман чемпион атанды.
Алыш спортынан Қалмұхан Тұрмаханбет, ордо спортынан Талғар Абилхан қола жүлдеге қол жеткізді.
Жүлдегерлер қатарында көкпардан күміс медаль иеленген Абылайхан Нышанбеков, көк бөріден күміс жүлдегер атанған Асылжан Мамыт, ордо спортынан қола жүлде алған Нұрсұлтан Өмір және овариден Әсел Далиева бар.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 100-ден аса мемлекетінен 3 мыңға жуық спортшы қатысты. Жарыс қорытындысында Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы жалпы есепте 1-орын иеленіп, 74 медаль, оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Түркістан облысының спортшылары ел қоржынына 17 медаль салды. Оның 9-ы алтын, 4-еуі күміс және 4-еуі қола медаль.
Бұл – жай ғана статистика емес. Бұл – Түркістан өңірінде спортқа деген жүйелі көзқарас пен ұлттық спорт түрлеріне көрсетіліп отырған қолдаудың нақты нәтижесі.
Әсіресе Шардаралық спортшылардың төрт алтын және екі күміс медальмен үлес қосуы – ауданда қалыптасқан спорттық дәстүрдің, табанды еңбектің және жас спортшыларды қолдауға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.
ШАРДАРАДА СПОРТҚА ҚОЛДАУ – ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ЖОЛ
Шардаралық спортшылардың халықаралық аренадағы жоғары нәтижелерге қол жеткізуінде ең алдымен олардың жеке таланты, табандылығы мен тынымсыз еңбегі маңызды. Сонымен бірге спортшылардың кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жағдай жасайтын бапкерлердің еңбегі, ата-аналардың қолдауы және спортты дамытуға үлес қосып жүрген азаматтардың жанашырлығы да ерекше мәнге ие.
Осы ретте Шардара ауданының әкімі, АРМ спорт клубының негізін қалаушысы Арман Романұлы Қарсыбаевтың аудан спортын дамытуға қосып келе жатқан үлесін атап өткен жөн.
Арман Романұлы спортты жастар тәрбиесімен сабақтастыра қарап, өскелең ұрпақтың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік жасауға басымдық беріп келе жатқан азаматтардың бірі.
Ол негізін қалаған АРМ спорт клубы арқылы қол күресі спортына қызығушылық танытқан жастарды қолдау, олардың жаттығуына қажетті жағдай жасау, жарыстарға дайындалуына және халықаралық додаларға қатысуына мүмкіндік беру бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мұндай қолдаудың мәні тек бүгінгі чемпиондардың жетістігімен шектелмейді. Ең маңыздысы – жастардың спортқа келуіне жол ашу, олардың бойындағы қабілетті дамыту және жоғары нәтижеге ұмтылатын тұрақты спорттық орта қалыптастыру.
Бүгінде бұл еңбектің нақты нәтижесін халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылардың жетістіктерінен көруге болады.
Нұрдәулет Айдархан мен Медет Құттымұратовтың VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында төрт алтын медаль жеңіп алуы, Ұлжан Оралбайдың екі күміс жүлдеге қол жеткізуі – спортшы, бапкер, ата-ана және спортты қолдайтын азаматтардың ортақ еңбегінің жемісі.
Спорттың дамуы тек жарыстағы жеңіспен өлшенбейді. Оның артында күнделікті жаттығу, тәртіп, кәсіби дайындық, спорттық инфрақұрылым, жасөспірімдерге бағыт-бағдар беру, талантты жастарды қолдау және оларды үлкен додаларға дайындау секілді ауқымды жұмыстар тұр.
Осы тұрғыдан алғанда, Шардарада спорттық ортаны қалыптастыруға үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегі аудан спортының нығаюына өзіндік серпін беріп келеді.
Бүгінде Шардарада спортқа қызығушылық танытқан жастардың қатары артып, халықаралық жарыстарда аудан атын танытып жүрген чемпиондар легі қалыптасуда.
Жеңіс – бір күндік нәтиже, ал чемпионды қалыптастыратын жол – жылдар бойғы еңбек.
Ел намысын абыроймен қорғаған барша спортшылар мен олардың бапкерлерін, ата-аналарын және жанкүйерлерін жеңістерімен құттықтаймыз!
Шардараның спорттық даңқы асқақтай берсін!
Түркістан спортының биігі бұдан да биік болсын!
Көк Туымыз әрдайым көкте желбірей берсін!
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-shardarin-audany/press/news/details/1298753?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version