24 жастағы Замира Мұхамедьярова – Қазақстандағы «Қазавиаспас» АҚ құрамында Ми-8 тікұшағын басқаратын санаулы әйел ұшқыштардың бірі.
Замира Ақтөбе қаласында дүниеге келіп, осында өскен. Оның авиацияға деген қызығушылығы жасөспірім кезінен басталған. Мектепті тәмамдаған соң, Азаматтық авиация академиясына түсіп, тікұшақ ұшқышы мамандығын таңдады.
Оқу барысында әуе кемесін басқарудың теориясы мен тәжірибесін меңгеріп, академияны тәмамдағанға дейін 155 сағат ұшу тәжірибесін жинақтады. Оқуын үздік дипломмен аяқтап, кейін кәсіби мансабын авиация саласында бастады.
Бүгінде Замира Шығыс Қазақстан облысында жұмыс істегенімен, еліміздің түрлі өңірлерінде маңызды міндеттерді орындауға атсалысып келеді. Ол табиғи өрттерді сөндіруге, іздестіру-құтқару жұмыстарына, сондай-ақ шұғыл медициналық көмекке мұқтаж балаларды, қарттарды және зардап шеккен азаматтарды облыс орталықтарына жеткізу мақсатындағы санитарлық рейстерге қатысады.
Замираның айтуынша, авиацияда ұшқыштың ер немесе әйел болуы маңызды емес. Барлық маман бірдей сынақтардан, медициналық тексерулерден өтеді және ұшу қауіпсіздігі үшін бірдей жауапкершілік арқалайды.
Жас ақтөбеліктің бұл жолы – мақсатқа ұмтылыс, білім және сүйікті мамандыққа деген адалдық арқылы арманды жүзеге асыруға болатынының жарқын үлгісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1299385?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау