Қазақстанда Цифрлық жұмыспен қамту қызметі жобасы арқылы азаматтарды проактивті түрде жұмысқа орналастырудың жаңа форматы сынақтан өткізілуде. Сервис жұмыс іздеушінің цифрлық түйіндемесін өздігінен қалыптастырып, жасанды интеллект көмегімен оның білімі, еңбек өтілі мен дағдыларын ескере отырып, тиісті бос жұмыс орындарын іріктейді.
«Біз мемлекеттің жұмысқа орналасу мүмкіндігін проактивті түрде ұсынатын моделіне көшудеміз. Азаматтың келісімімен оның білімі, еңбек өтілі, негізгі дағдылары мен жеке қасиеттері туралы деректерді автоматты түрде жинақтайтын цифрлық түйіндемесі қалыптастырылады. Осы мәліметтер негізінде біз нақты азаматтың дағдыларына сәйкес келетін бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс іздеушілерге жолдаймыз. Жоба іске қосылғалы екі ай ішінде қатысушыларға осындай 59 мың хабарлама жіберілді. Бүгінде олардың шамамен 3 мыңы жұмысқа орналасты», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев.
Жоба осы жылдың шілде айынан бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Қатысушылар арасында соңғы 3 айда жұмысынан айырылған азаматтар, ЖОО және ТжКБ түлектері, есепте тұрған жұмыссыздар бар. Хабарлама алғаннан кейін жұмыс іздеуші бос жұмыс орнына өтінім бере алады. Жұмыс беруші өз жеке кабинетінде үміткердің өтінімі мен ол туралы ақпаратты көріп, оны сұхбаттасуға шақыра алады.
Бос жұмыс орындарын іріктеумен қатар, ЖИ-көмекші жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын да ұсынады. Егер жұмыс іздеушіге қажетті дағдылар жетіспесе, Enbek Skills платформасында тегін онлайн оқудан өтуге мүмкіндік бар. Жаңа мамандықты меңгергісі келетіндер үшін жұмыс берушінің тікелей базасында дуальды оқыту бағдарламалары қарастырылған. Сондай-ақ жүйе еңбек күші тапшы өңірлерге мемлекеттік қолдау шараларымен қоныс аудару мүмкіндігін ұсынады. Оның ішінде қоныс аударуға берілетін біржолғы төлем мен тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары бар. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламалары аясында барлық шара ақысыз көрсетіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/lspm/press/news/details/1299315?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау