Астана қаласындағы Ботаникалық бақта балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды қоса алғанда, 2 000-нан астам адамның басын қосқан ЮНИСЕФ-тің алғашқы ауқымды қайырымдылық жүгіруі өтті. Бұл бастама Қазақстанда инклюзивті қоғамды қалыптастыруға және балалар арасындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.
Шара барысында қатысушылар 2, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Оған балалар мен ересектер, кәсіби спортшылар мен әуесқойлар, сондай-ақ тұтас отбасылар қатысты. Айта кету керек, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жарысқа қатысу тегін болды.
Қайырымдылық жүгіруі кезінде жиналған барлық қаражат Қазақстандағы әрбір балаға қауіпсіз әрі инклюзивті орта құруға бағытталған ЮНИСЕФ бағдарламаларын қолдауға жұмсалады. Бүгінгі таңда елімізде 120 мыңға жуық мүгедектігі бар бала тұрады. Инклюзия тек ғимараттар мен инфрақұрылымның қолжетімділігі ғана емес, бұл әрбір баланың білім алуға, спортпен шұғылдануға, тең дәрежеде дамуға және қоғам өміріне толыққанды қатысуына мүмкіндік беру екені атап өтілді.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мемлекет тарапынан бұқаралық және балалар спортын дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Сонымен қатар, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі д-р Рашед Мустафа Сарвар баланың мүмкіндіктері оның денсаулығына байланысты шектелмеуі тиіс екенін айтып, ортақ мақсат – барлық балалар үшін қолайлы орта қалыптастыру екенін жеткізді.
Бүкіл әлемнің Дубай, Лондон, Нью-Йорк, Сидней сияқты қалаларында қолдау тапқан бұндай халықаралық дәстүр биыл алғаш рет Астанада жалғасын тапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қайырымдылық жүгіруі елордада жыл сайын өткізіліп, адамдарды спорт пен игі іс арқылы біріктіретін жақсы дәстүрге айналмақ.
Шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Жеңіл атлетика федерациясы, Астана қаласының әкімдігі, Спортты қолдау қоры және Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) бірлесіп ұйымдастырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bala/press/news/details/1299308?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау