Алматыда өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумында Мемлекет басшысының қатысуымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қытайлық бизнес өкілдерімен екі келісімге қол қойды. Оның бірі облыста үш жел электр станциясын салуды көздесе, екіншісі Жақсы ауданындағы элеваторды жаңғырту жобасына қатысты.
Ақмола облысы – еліміздің ірі аграрлық өңірлерінің бірі. Сонымен қатар өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға да басымдық беріліп отыр. Бүгінде облыста өндірілетін электр энергиясының шамамен бестен бірін жаңартылатын энергия көздері қамтамасыз етеді.
Келісімдердің біріне Марат Ахметжанов SUNGROW Renewable Development Co., Ltd. компаниясының директоры Сюй Минфэнмен қол қойды. Қытайлық компания Ақмола облысында қуаты 300, 100 және 50 МВт болатын үш жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Олардың жалпы қуаты 450 МВт-ты құрайды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі $500 млн-ға дейін жетеді.
Қуаты 300 МВт болатын ең ірі жел электр станциясы Есіл ауданында бой көтереді. Ал жалпы қуаты 150 МВт болатын тағы екі станция Зеренді ауданында салынады. Жобаларды 2026–2028 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нысандар іске қосылғаннан кейін 25-тен астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
«Бүгін қол қойылған келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытудың маңызды қадамы. SUNGROW компаниясымен бұрыннан бері нәтижелі жұмыс істеп келеміз. 2023 жылы Аршалы ауданында жалпы қуаты 221 МВт болатын жаңартылатын энергия жобалары іске асырылды. Инвестиция көлемі 100 млрд теңгеден асты. Жаңа жоба жаңартылатын энергетика қуатын арттырып, жеке инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Әкімдік жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде қажетті қолдау көрсетеді», – деді облыс әкімі.
Жел электр станцияларын салуға қажетті дайындық жұмыстары аяқталған. Жер учаскелері рәсімделіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы қазан айында басталады деп жоспарланып отыр.
Инвестициялық форум аясында тағы бір маңызды жоба талқыланды. Марат Ахметжанов қытайлық East Hope Group компаниясының өкілдерімен Жақсы ауданының Қазақ ауылындағы элеваторды жаңғырту жұмыстарын аяқтау мәселесін қарастырды. Инвестор жұмыс істеп тұрған элеваторды сатып алып, қазіргі таңда оны жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба толық іске асқаннан кейін кәсіпорын бидайды қабылдап, сақтап және өңдеумен қатар, жылына 100 мың тоннаға дейін жемдік ұн өндіре алады.
Жобаға $6 млн инвестиция салынады. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 80%-ға жуығы аяқталған. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны құрылады. Жаңғыртылған элеваторды биыл қазан айында іске қосу жоспарланып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1299781?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау