АУДАНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ САҚТАУ ШАРАЛАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жетісай ауданы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында аудандағы қоғамдық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың төрағалығымен өткен жиында 2026 жылдың 8 айындағы қылмыстық ахуалға талдау жасалып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер айқындалды.
Күн тәртібінде ауданда орын алған қылмыстардың деңгейі, ауыр санаттағы қылмыстардың өсу себептері, қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестік негізде қамтамасыз етудің 2024–2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру барысы сөз болды.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол инфрақұрылымын дамыту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың тиімділігі талқыланды.
Жиында аудан прокурорының орынбасары Мақсат Жүсіпбай, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов баяндама жасап, тиісті бағыттар бойынша атқарылған жұмыстарды саралады. Баяндамалар барысында қол жеткізілген нәтижелермен қатар, шешімін күткен мәселелер, орын алған кемшіліктер ашық айтылды.
Қоғамдық тәртіпті сақтау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екені атап өтіліп, қылмыс деңгейіне тұрақты талдау жүргізу, құқық бұзушылық жиі тіркелетін аумақтарда профилактикалық шараларды күшейту тапсырылды. Әсіресе, суицидке бейім азаматтарды, кәмелетке толмағандарды, әлеуметтік жағдайы күрделі және қолайсыз отбасыларды ерекше бақылауға алып, алаяқтық, интернет-алаяқтық және ұялы телефон ұрлығының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жандандыру тапсырылды.
Апатты жол учаскелеріне зерделеу жүргізіп, қажетті жол белгілерін жаңарту, көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер өткелдерін талапқа сай жабдықтау бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Жиын соңында берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алып, белгіленген мерзімде нәтижесі туралы ақпарат ұсыну аудандық мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Нұрбақыт Егізбаевқа жүктелді.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1299650?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау