Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры мерейтойлық 95-ші маусымын «Мұра» спектаклінің премьерасымен ашты.
Қойылым Лаврентий Сон мен Станислав Лидің «Жады» пьесасының желісі бойынша сахналанды. Кейіпкерлер тағдыры арқылы Қазақстан корейлерінің тарихы баяндалып, ұрпақтар сабақтастығы, ана тілін, әні мен салт-дәстүрін сақтау тақырыптары қозғалады.
Мерейтойлық маусымның дәл осы туындымен ашылуының өзіндік мәні бар. Театр тарихы Қазақстан корейлерінің тағдырымен сабақтас. 1932 жылы Владивосток қаласында құрылған өнер ұжымы кейін Қазақстанда шығармашылық жолын жалғастырып, 1968 жылдан бері Алматыда жұмыс істеп келеді.
95 жыл ішінде театр 300-ден астам спектакль мен концерттік бағдарлама қойды. Оларды 10 миллионға жуық көрермен тамашалады.
Бүгінде театр корей халқының мәдени мұрасын сахна өнері арқылы дәріптеп, ұлттық өнердің өзіндік болмысын сақтап келеді. Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры – Корей түбегінен тыс жерде қызмет ететін әлемдегі жалғыз мемлекеттік корей театры.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1299912?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау