Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Ырғыз аудандық мәслихат депутаттарының келісімі негізінде, Ақтөбе облысы әкімінің өкімімен бүгіннен бастап Рүстем Баймырзаұлы Өтешов Ырғыз ауданының әкімі лауазымына кірісті.
Жаңа аудан әкімін активке облыс әкімі Асхат Шахаров таныстырды.
Кездесуде аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жаңа әкімнің алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындады.
«Ырғыз – тарихи-мәдени мұрасы бай, табиғи әлеуеті жоғары аудан. Бүгінгі жұмыс сапарымыздың негізгі мақсаты – атқарылған жұмыстарды саралап, шешімін қажет ететін мәселелерді нақтылап, ауданның алдағы даму бағыттарын айқындау. Басты міндет – қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, Ырғыз ауданының тұрақты дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру», – деді Асхат Шахаров.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында ауданда бірқатар негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі 115 пайыз, тұрғын үйді пайдалануға беру 103,9 пайыз, бөлшек сауда 120,7 пайыз, құрылыс жұмыстары 134,3 пайызды құрады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы бойынша көрсеткіш 99,5 пайыз, инвестиция 54 пайыз, көтерме сауда 68,5 пайыз деңгейінде қалыптасты. Облыс әкімі төмен көрсеткіштерді арттыру бойынша нақты шаралар қабылдап, жоспарлы межелердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Асхат Шахаров Ырғыз ауданының экономикалық әлеуетін толық пайдалануға баса мән беру қажеттігін атап өтті.
Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан тұрғындарына 837,1 миллион теңгеге 151 несие берілген. Ендігі міндет – осы қаржыландырудың нақты өндіріс пен жаңа жұмыс орындарына айналуын қамтамасыз ету. Облыс әкімі құс, өсімдік және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту қажеттігін айтты.
Ауданда ет кластерін қалыптастыруға да мүмкіндік мол. Ырғызда облыстағы ірі қара малдың 7 пайызы, яғни 31,4 мың басы шоғырланған. Алайда аудан аумағында ет өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Осыған байланысты өңдеу өндірісіне инвестиция тарту және дайын өнімді басқа өңірлерге шығаруға мүмкіндік беретін өндірістік тізбек қалыптастыру міндеті жүктелді.
Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де басымдық берілді. Ауданға жылыжайлар мен көкөніс сақтайтын қоймалар да қажет. Облыс орталығынан 454 шақырым қашықтықта орналасқан аудан үшін бұл мәселе айрықша маңызды. Сондықтан жергілікті өндірісті дамыту және тұрғындарды негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін арттыру керек.
Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу кезегінде тұрған 815 азаматтың мәселесін шешу де жаңа әкімнің басты міндеттерінің бірі ретінде белгіленді. Ол үшін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары жандануы тиіс.
Ырғыздың табиғи әлеуетін ескере отырып, экологиялық туризмді дамытуға да баса назар аударылды. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану үшін нақты жол картасын әзірлеп, ұсыныстар енгізу міндеті қойылды.
Бұдан бөлек, автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту, жол құрылысы жобаларын белгіленген мерзімде аяқтау, елді мекендерді ветеринариялық пункттермен қамту, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу бағыттарында нақты тапсырмалар берілді.
Су ресурстары саласында да шешімін күткен мәселелер бар. Аудан аумағындағы 14 гидротехникалық құрылыстың 8-і – қанағаттанарлықсыз жағдайда. Осы нысандарды кезең-кезеңімен жөндеу және қалпына келтіру бойынша нақты жоспар әзірлеу тапсырылды.
Көгалдандыру бағытында 2026 жылы жоспарланған көлемде 5 270 ағаш отырғызылды. Ендігі міндет – елді мекендерде 10 гектар жасыл аймақ қалыптастыру, олардың шекарасын белгілеу, қолданыстағы жасыл желектерді түгендеу және көшеттердің жерсіну деңгейін бақылау.
Облыс әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды да тұрақты бақылауда ұстау керектігін алға тартты. Аудан аумағын абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау, көгалдандыру және елді мекендердің көріктілігін арттыру жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс.
Сонымен қатар «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың заң талаптарын сақтау мәдениетін арттыру бойынша жұмысты күшейту қажеттігі айтылды.
«Ең басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайын жақсарту және ауданның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету», – деген Асхат Шахаров жаңа әкімге белгіленген міндеттерді жеке бақылауға алып, олардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Жиын соңында Аудан ардагерлері кеңесінің төрағасы Мирхан Дуанбеков пен ардагер Нұрқас Сәрсенбайұлы сөз сөйлеп, Ырғыз ауданын бес жылға жуық уақыт басқарған Нұрлан Қызбергеновке атқарған қызметі үшін алғысын білдірді, жаңа басшы Рүстем Өтешовке сенім артып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1299829?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау