Ақмола облыстық мәслихатының VIII шақырылым депутаты, аграрлық мәселелер және өңірді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Әбілқайыр Ошақбаев «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Әбілқайыр Тілеуғабылұлының еңбек жолы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. 40 жылға жуық уақытын аграрлық саланы дамытуға арнаған ол еңбек жолын бас экономист болып бастап, кейін совхоз басқарды.
2001 жылдан бері Егіндікөл ауданындағы «Қоржынкөл-А» ЖШС-ін басқарып келеді. Бүгінде кәсіпорында 80-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған, маусымдық кезеңде тағы 30-ға жуық жұмыс орны ашылады. Шаруашылықта тұқым шаруашылығы, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы, астықты сақтау және кептіру кешендері жұмыс істейді. 2023 жылы тәулігіне 20 тонна шикізат өңдейтін күнбағыс майын өндіру зауыты іске қосылды.
Кәсіпкер ауылдың әлеуметтік дамуына да тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпорын зейнеткерлерге, мектепке және қоғамдық бастамаларға көмек көрсетеді. Қоржынкөл ауылында наубайхана, кафе, жаттығу залы мен қоғамдық монша жұмыс істейді. 2024 жылы жас мамандар үшін екі пәтерлі тұрғын үй салынды.
Ауыл инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Әбілқайыр Ошақбаевтың жеке қаражаты есебінен Егіндікөл бағыты бойынша 16 шақырымдық су құбырының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жоба кейін толық жүзеге асырылды.
Халық қалаулысы тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешуге де үнемі атсалысады. Көктемгі су тасқыны кезінде Қоржынкөл ауылын қорғау мақсатында қажетті техника бөлінді. Сондай-ақ ауыл аумағын абаттандыру және көгалдандыру, қоқысты жинау және шығару, қыс мезгілінде жолдарды қардан тазарту, жазғы уақытта ауызсу және техникалық су жеткізу жұмыстарына тұрақты түрде қолдау көрсетіледі.
Әбілқайыр Ошақбаев – «Қараменде Би» қорының президенті, Егіндікөл ауданының Құрметті азаматы, Ақмола облысының меценаты. Ол тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамаларға да қолдау көрсетіп келеді.
Депутат ретінде ол аграрлық секторды дамыту, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелеріне белсенді атсалысуда. Сайлаушылармен тұрақты кездесіп, елді мекендердегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді.
«Еңбек ардагері» төсбелгісі – Әбілқайыр Ошақбаевтың ауыл шаруашылығына, туған өңірінің дамуына және қоғам игілігіне сіңірген көп жылғы еңбегінің лайықты бағасы деп санаймыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1300220?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау