Өңірдің алдағы жылу беру маусымына дайындығы мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаевтың айтуынша, күзгі-қысқы кезеңді тұрақты өткізу үшін қажетті негізгі жұмыстар орындалған. Жылу, электр, су құбыры және кәріз желілері қалыпқа келтіріліп, қазандықтар мен жабдықтар тексерілді.
Отын қорына да көңіл бөлінді. Бюджеттік ұйымдар көмірмен және дизель отынымен толық қамтамасыз етілген. Әлеуметтік нысандардың қажеттілігін өтеуге жеткілікті қор қалыптастырылған.
Тұрғындар үшін сатылатын көмір жеткізілімі де тұрақты. Кезекті партиялар теміржол арқылы келіп түсуде, отын жоспарлы түрде сатылып жатыр. Басқарма мәліметінше, қазіргі таңда көмір тапшылығы жоқ.
Аймақтың негізгі коммуналдық кәсіпорындары жылу беру маусымына дайын.
Ақтөбе ЖЭО-да негізгі жабдықтар тексеріліп, қажетті газ көлемі қамтамасыз етілді және резервтік отын қарастырылған. Кәсіпорын маусым бойы жылумен жабдықтаудың қажетті параметрлерін сақтай алады.
«Aqtobe su-energy group» кәсіпорнында қазандықтар мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорын тұтынушыларға жылу мен суды үздіксіз беруге қажетті жағдайларды қамтамасыз етті.
«Энергосистема» мекемесінде күзгі-қысқы кезеңде электрмен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз ететін электр желілері мен жабдықтар нормативтік жағдайға келтірілді.
Тұрғын үй қоры да жылу беру маусымына әзір. Көппәтерлі тұрғын үйлердегі ішкі жылу жүйелері, инженерлік желілер мен жабдықтар тексерілді. Нысандарға дайындық паспорттары мен актілері рәсімделді.
Апаттық жағдайларды жою үшін арнайы бригадалар жасақталды. Олар қажетті техника және материалдармен қамтамасыз етіліп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Осылайша, өңірде жылу беру маусымын бастауға қажетті ресурстар бар. 2 қазаннан бастап әлеуметтік нысандарды жылумен жабдықтау жүйесіне қосу басталады. Жылу беру және жылыту маусымының өту барысы – тұрақты бақылауда.
«Қазір басты міндет – күзгі-қысқы кезеңде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Барлық коммуналдық қызмет үйлесімді жұмыс істеп, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беруі тиіс. Былтырғы жылы проблемалар туындаған учаскелерге баса назар аудару қажет. Қажетті ресурстардың болмауы салдарынан тұрғындардың жылусыз қалуына жол берілмейді. Тиісті ұйымдардың басшылары жағдайды жеке бақылауда ұстап, қажетті шараларды уақтылы қабылдауы керек», – деп тапсырды облыс әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1301349?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау