Түркістан облысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азиядағы шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында шекара маңындағы өңірлердегі кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған кеңес отырысы өтті. Халықаралық сарапшылар сапар барысында өңірдегі кәсіпкерлік ортаға баға беріп, бизнес жүргізуге жасалған жағдайлар мен инвестициялық мүмкіндіктермен танысты.
Сапардың басты мақсаты – шекара маңындағы аумақтардағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау тетіктерін қарастыру, бизнес өкілдерінің қажеттіліктерін анықтау және өңірдің экономикалық мүмкіндіктерін бағалау. Осыған байланысты сарапшылар мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлікті қолдау институттарының өкілдерімен кездесіп, бизнесті дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар барысында сарапшылар облыстың кәсіпкерлік, сауда, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларының, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың, «TURKISTAN INVEST» ЖШС мен «Даму» қорының өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Сондай-ақ, халықаралық сарапшылар Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи кесенесі, «Ұлы Дала Елі» музейі, қолөнершілер орталығы және «Керуен Сарай» туристік кешені сияқты мәдени-туристік нысандарды аралады. Кейін сарапшылар Ордабасы, Қазығұрт аудандарына және Сарыағаш қаласына барып, кәсіпорындар мен жергілікті сауда нысандарының жұмысымен танысты.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-shauildir/press/news/details/1300857?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау