2026 жылғы 15–16 қыркүйекте Женева қаласында (Швейцария) БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетінің 101-сессиясы өтті.
Жиын аясында Қазақстан делегациясы Бала құқықтары туралы конвенцияның орындалуы бойынша біріктірілген 5 және 6-шы мерзімді баяндамасын ресми түрде таныстырды.
Баяндамада елімізде балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бағытында атқарылған басты реформалар мен оң нәтижелер баяндалды:
Зомбылық пен буллингке қарсы заңнамалық реформалар: Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылық, буллинг және кибербуллингтің алдын алу мақсатында қабылданған жаңа заңнамалық түзетулер мен жүйелі шаралар таныстырылды.
Шұғыл көмек және психологиялық қолдау: Балалар мен отбасыларға тәулік бойы тегін психологиялық әрі құқықтық көмек көрсететін «111» бірыңғай байланыс орталығының тиімді жұмысы ерекше атап өтілді. Сондай-ақ мектептердегі психологиялық қызметтердің әлеуетін арттыру және балаларға арналған қолдау орталықтарын кеңейту шаралары көрсетілді.
Отбасы институтын нығайту және инклюзия: Еліміздегі 7 миллионға жуық баланың құқығын қорғау бағытындағы көрсеткіштер ұсынылды. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 82%-ы бүгінде отбасыларда тәрбиеленіп жатқаны хабарланды.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы инклюзивті ортаны дамыту мен қауіпсіздік инфрақұрылымын нығайту жұмыстары атап өтілді.
БҰҰ Комитетінің сарапшылары жүргізілген жүйелі реформаларға оң баға беріп, елдегі балалар құқығын одан әрі жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-bala/press/news/details/1301427?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау