Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінде Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиында спорт саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, допингке қарсы күресті күшейту, 2026-2030 жылдарға арналған туризмді дамыту, туристердің құқықтарын қорғау кепілдігі жүйесін жетілдіру, сондай-ақ Қоғамдық кеңестің бұған дейін берген ұсынымдарының орындалуы қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – дене шынықтыру және спорт саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу және әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру. Бүгінде сала мамандары спорт резерві мен ұлттық құрама командаларды даярлауға, бұқаралық спортты дамытуға, оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға және спорттық іс-шараларды өткізуге атсалысып келеді.
Алайда қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесінде мамандардың біліктілігі, кәсіби қызметінің нәтижелері мен атқаратын жұмысының ерекшеліктері толық ескеріле бермейді. Сонымен қатар ұзақ мерзімді іссапарларға шығатын, оқу-жаттығу жиындарына қатысатын, спортшыларды алып жүретін әрі жоғары жауапкершілікті талап ететін қызмет атқаратын сала мамандарын әлеуметтік қолдау шараларын қосымша пысықтау қажет.
Осыған байланысты қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесіне талдау жүргізіп, мамандардың біліктілігі мен жұмыс нәтижелерін ескеретін еңбекақы төлеу тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ қосымша әлеуметтік қолдау шараларын қарастыру ұсынылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар, кәсіподақтар және спорт федерациялары өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру жоспарланып отыр.
Отырыс барысында допингке қарсы күрес мәселелеріне де ерекше назар аударылды. 2026 жылдың жеті айында допинг-бақылау бағдарламасы аясында спорттың 35 түрі мен 65 спорттық дисциплина бойынша спортшылар тестілеуден өтті. Тексерулердің басым бөлігі 2026 жылы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарына қатысуға үміткерлердің алдын ала құрамына енгізілген шамамен 1 260 спортшыны қамтыды.
Сонымен қатар ақпараттық-ағарту және алдын алу жұмыстары күшейтілді. Қаңтар–шілде аралығында ұлттық құрама командалар мен спорт резервіндегі 1 330 спортшыны қамтыған 36 семинар мен дәріс өткізілді, 7 532 спортшы онлайн оқудан өтті. Жаттықтырушылар үшін 2 296 адамды қамтыған 33 семинар мен дәріс ұйымдастырылып, тағы 834 жаттықтырушы онлайн курстан өтті. «Аутрич» бес білім беру бағдарламасы аясында 543 спортшы мен жаттықтырушы білім алды.
Жиында 2026-2030 жылдарға арналған туризм саласын дамыту әлеуеті де қаралды. 2025 жылы орналастыру орындарының қызметін 10 млн-нан астам адам пайдаланған. Оның шамамен 8,6 миллионы – ішкі туристер. Қазақстанға 15,7 млн шетел азаматы келсе, олардың шамамен 11,1 миллионы елге туристік мақсатпен табан тіреген. Орналастыру орындарының кірісі 350,6 млрд теңгеге жетсе, туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асты.
Қазіргі уақытта елімізде туризм саласында жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңге болатын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалар аясында 10 мыңға жуық жұмыс орнын ашу және халықаралық деңгейдегі 25 қонақ үй салу көзделген.
Алакөл, Балқаш, Каспий теңізінің жағалауы, Бурабай, Баянауыл, Түркістан, Алматы және Алматы тау кластері негізгі туристік бағыттардың қатарында. Көлік, коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, халықаралық әуе қатынасын кеңейту және визасыз режим қолданылатын елдер географиясын ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр.
Туризм саласын дамытудың жаңартылған тұжырымдамасында 66 іс-шара көзделген. 2030 жылға қарай туризмнің экономикаға қосатын үлесін 6,3 трлн теңгеге дейін арттыру, салада 800 мың адамды жұмыспен қамту, ішкі туристер санын 11 млн-ға, ал орналастыру орындарының қызметін пайдаланатын шетелдік туристер санын 4 млн адамға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмысы талқыланды. Жүйенің негізгі міндеті – туроператорлар өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда туристердің құқықтарын қорғау. Кейінгі жылдары туристік бизнеске түсетін жүктемені азайтуға, банк кепілдіктері мен аударылған қаражатты қайтару тетігін жетілдіруге, сондай-ақ нарық қатысушылары жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған бірқатар заңнамалық өзгеріс енгізілді.
Қазақстандық туристерді қорғау тетіктерінің бірі ретінде «туркод» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітілді. 2024 жылы туристерге туркодты тексеруге және SOS батырмасын пайдалануға мүмкіндік беретін мобильді қосымша іске қосылды. Бұған қоса, төтенше жағдай орын алған аумақта жүрген туристерге PUSH-хабарламалар жіберу тетігі пысықталып жатыр.
Отырыста Қоғамдық кеңестің алдыңғы отырысында берілген ұсынымдардың орындалуы да жеке қаралды. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшыларын тағайындау тәртібін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Конкурстық рәсімдерді e-Qazyna платформасы арқылы цифрландыру мәселесі пысықталуда.
Сондай-ақ спортшыларды даярлайтын ұйымдардағы қауіпсіздік мәселелеріне талдау жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша қазіргі уақытта қауіпсіздік жөніндегі инспекторлардың жеке лауазымдарын енгізу қажеттілігі жоқ екені анықталды. Өйткені тиісті міндеттер қолданыстағы заңнамада, біліктілік талаптары мен кәсіби стандарттарда қарастырылған.
Отырыс қорытындысында Қоғамдық кеңес өкілдері спорт және туризм салаларындағы нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру, сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды күшейту, допингке қарсы жүйені дамыту, туристердің қауіпсіздігін арттыру және кеңестің ұсынымдарын жүйелі түрде орындау қажеттігін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1301412?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау