Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еске салады: микроқаржы ұйымының (МҚҰ) қызметін тоқтату қарыз алушының микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін тоқтатуды білдірмейді.
Қарызды ресімдеу кезінде қарыз алушы алған ақшалай қаражатты қайтаруға және жасалған шарттың талаптарына сәйкес сыйақы төлеуге өзіне міндеттеме алады. Бұл міндеттеме МҚҰ лицензиясынан айырылған, ол таратылған немесе банкрот болған жағдайда да сақталады.
МҚҰ-ны лицензиясынан айыру берешектің күшін жоймайды. Қарыз алушының міндеттемесі МҚҰ-ның не микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтары (талаптары) белгіленген тәртіппен берілген жаңа кредитордың алдында сақталады.
Осылайша, МҚҰ-ның қызметін тоқтатудың өзі берешекті тоқтату немесе есептен шығару үшін негіз болып табылмайды.
Микрокредитті кім және қалай өтейді?
Егер шарт бойынша құқықтар (талаптар) басқа кредиторға берілмесе, қарыз алушы шарттың талаптарына сәйкес және онда көрсетілген деректемелер бойынша міндеттемелерін орындауды жалғастырады.
Егер берешек басқа қаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке берілсе және төлем деректемелері өзгерсе, қарыз алушы кредитордың өзгергені және міндеттемелерді орындау тәртібі туралы тиісінше хабарлануы керек.
Маңызды: МҚҰ-ның жабылуы немесе лицензиясынан айырылуы туралы ақпарат негізінде ғана төлемдерді тоқтатуға болмайды. Төлемді жүзеге асырмас бұрын шарт бойынша талап ету құқығының кімге тиесілі екендігіне және деректемелердің өзекті болуына көз жеткізу қажет.
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 217 МҚҰ жұмыс істейді. 2026 жылдың басынан бастап 8 МҚҰ-ның лицензиясы кері қайтарылды, тағы 2 лицензия тоқтатыла тұрды.
Қандай жағдайларда МҚҰ-ның лицензиясы тоқтатыла тұруы немесе кері қайтарылуы мүмкін?
МҚҰ-ны лицензиясынан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру үшін заңнама талаптарын жүйелі түрде бұзу, сондай-ақ пруденциялық және өзге де нормативтерді сақтамау негіз болып табылады.
Микрокредитті рәсімдемес бұрын МҚҰ-ның лицензиясын қалай тексеруге болады?
Микрокредит алмас бұрын ұйымның микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға қолданыстағы лицензиясы бар екеніне көз жеткізу қажет. Лицензияланған МҚҰ туралы ақпарат Агенттіктің сайтында қолжетімді.
МҚҰ-мен келіспеушіліктер туындаған кезде қарыз алушы микроқаржы омбудсманына жүгіне алады. Қарыз алушылар үшін микроқаржы омбудсманының қызметтері тегін.
Қосымша пайдалы материалдар Fingramota.kz сайтында қолжетімді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1302430?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау