Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысының жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес елімізде салаға инвестиция тарту, жаңа нысандар салу және қолданыстағы жобалардың қуатын ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Бұл бағыттағы оң динамика нақты көрсеткіштерден де байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жаңартылатын энергия көздері объектілерінде өндірілген электр энергиясының көлемі 8,6 миллиард кВт/сағатқа жетіп, жалпы электр энергиясы өндірісінің 7 пайызын құрады. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 5,11 миллиард кВт/сағат немесе елдің жалпы энергия теңгерімінің 4,5 пайызы болған. Яғни, үш жыл ішінде жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі 1,7 еседен астам артқан.
Саладағы өсімге аукциондық сауда-саттық арқылы жаңа жобаларды іріктеу, инвестициялар тарту және жаңартылатын энергия нысандарын кезең-кезеңімен пайдалануға беру ықпал етіп отыр. 2025 жылы елімізде жалпы қуаты 503,5 мегаватт болатын 9 жаңартылатын энергия нысаны іске қосылды. Ал 2026 жылы жалпы қуаты 245 мегаватт болатын тағы 10 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 4 жел электр стансасы, 5 күн электр стансасы және 1 су электр стансасы бар.
Жамбыл – жаңартылатын энергия әлеуеті жоғары өңір
Жаңартылатын энергия көздерін дамытуда Жамбыл облысының да өзіндік орны бар. Өңірдің табиғи-климаттық жағдайы күн, жел және су энергиясын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда облыста жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді.
Оның ішінде жиынтық қуаты 24,4 мегаватт болатын 6 су электр стансасы, 275,65 мегаватт қуатты 10 жел электр стансасы және жалпы қуаты 271,25 мегаватты құрайтын 6 күн электр стансасы бар.
Бұл көрсеткіштер Жамбыл облысының жаңартылатын энергия көздерін өндіру және пайдалану бағытында республикадағы белсенді өңірлердің бірі екенін көрсетеді. Табиғи ресурстардың әртүрлілігі өңірде энергетикалық жобаларды бір ғана бағытпен шектемей, су, жел және күн энергиясын қатар дамытуға жағдай жасап отыр.
«Қарақыстақ» – жасыл энергетиканың алғашқы қадамдарының бірі
Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың тарихы сонау 2013 жылдан бастау алады. Сол жылы Т.Рысқұлов ауданындағы Қарақыстақ ауылдық округінің тау шатқалында «Қарақыстақ» су электр стансасы іске қосылды.
Жобалық қуаты 2,3 мегаватты құрайтын стансаның құрылысына 1 миллиард 7,9 миллион теңге инвестиция салынған. Нысан 2013 жылғы 14 маусымда пайдалануға беріліп, содан бері судың табиғи ағысын электр энергиясына айналдырып келеді.
Станса директоры Нұрдос Қалдыбалиннің айтуынша, «Қарақыстақ» су электр стансасын өңірдегі «жасыл» энергетиканың алғашқы жобаларының бірі деуге болады.
«Табиғи қуат көздері – жел, күн мен су энергиясын пайдалану арқылы әлемнің дамыған елдері дербес әрі тұрақты экономиканы қалыптастыруға көшті. Осы бағытта Қазақстан да 2013 жылдан бастап «жасыл экономикаға» көшу саясатын белсенді қолға алды. «Қарақыстақ» су электр стансасы сол кезеңдегі осы бағыттың алғашқы жобаларының бірі болды», – дейді Нұрдос Қалдыбалин.
Бүгінде стансада 15 адам тұрақты еңбек етеді. Мұнда өндірілген электр энергиясы KEGOC-тың біртұтас электр энергетикалық жүйесіне беріледі. Осылайша, шағын су электр стансасы жергілікті деңгейдегі жобадан елдің бірыңғай энергетикалық жүйесінің бір бөлігіне айналып отыр.
Су энергиясын арттыруға мүмкіндік бар
Қазақстанның кең аумағы мен табиғи-климаттық ерекшеліктері жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін үлкен мүмкіндік береді. Әсіресе таулы аймақтардағы өзендер мен су арналары шағын және орта қуатты су электр стансаларын салуға қолайлы.
Жамбыл облысының бірқатар аудандарында да бұл бағытты дамытуға мүмкіндік бар. Алдағы кезеңде судан өндірілетін энергия көлемін арттыру – өңірдегі жаңартылатын энергетиканы дамытудың маңызды бағыттарының бірі.
Мұндай жобалардың маңызы тек қосымша электр энергиясын өндірумен шектелмейді. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтуға, дәстүрлі отын ресурстарына тәуелділікті төмендетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Тұрақты энергетика – болашақтың негізі
«Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы аясында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Мемлекеттік қолдау, инвестициялық жобалар және табиғи әлеуетті тиімді пайдалану арқылы еліміздің энергетикалық жүйесінде «жасыл» энергияның үлесі артып келеді.
Жамбыл облысының тәжірибесі осы үдерістің нақты мысалы бола алады. Бір кездері «Қарақыстақ» су электр стансасынан басталған бағыт бүгінде ондаған күн, жел және су электр стансаларын қамтитын ауқымды энергетикалық жүйеге ұласты.
Алдағы уақытта жаңартылатын энергия көздері нысандарының көбеюі өңірдің энергетикалық әлеуетін нығайтып қана қоймай, экономиканың жаңа бағыттарын дамытуға, инвестиция тартуға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етпек. «Қарақыстақ» су электр стансасы осы жолдағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде өңірдің «жасыл» энергетикаға бет алған бағытының нақты көрінісі болып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1301704?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау