«Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлік нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
«Tarlan Astana» 18 станциясы мен вагондарындағы қоғамдық тәртіпті Көліктегі полиция департаментінің LRT объектілеріндегі полиция бөлімінің қызметкерлері қамтамасыз етеді. Әр нысанда ауысымдық кезекшілік ұйымдастырылған, ал полиция жасақтары пойыздар мен платформаларды тұрақты түрде патрульдеп, жолаушылардың тәртіп ережелерін сақтауын бақылап, «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етеді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, ұсақ бұзақылықтың алдын алу, қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйінде болу фактілерінің жолын кесу және жолаушылар арасында профилактикалық шаралар жүргізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, жолаушыларға тазалықты сақтау, қоршаған ортаны ластамау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және вандализм әрекеттеріне жол бермеу жөнінде тұрақты түрде ескертіледі.
Осы бағыттағы жұмыстар басталғалы бері полиция қызметкерлері 41 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, әрбір факті бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдады.
Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, жолаушыларға түрлі жағдайларда белсенді түрде көмек көрсетеді. Мәселен, полицейлер 200-ден астам жоғалған затты заңды иелеріне қайтарып берді.
Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында станциялар мен жылжымалы құрам заманауи инфрақұрылыммен: бейнебақылау, дабыл және шұғыл байланыс жүйелерімен жабдықталған. Бұл орын алған кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Көліктегі ПД жолаушыларды тәртіп ережелерін сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға, сондай-ақ күдікті жағдайлар мен құқық бұзушылықтар туралы полиция қызметкерлеріне дереу хабарлауға шақырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-transport/press/news/details/1302881?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау