⚜️Қарттар күніне орай аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бағдаулет Жұмабеков, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Бекбосынов пен ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ, ауыл округ әкімінің орынбасары Темірлан ауылында тұратын бірқатар ардақты әжелердің шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауын жеткізді.
⚜️Аудан басшылығы алдымен 95 жастағы Когершин Хасимованың үйіне барды. Ғасырлық ғұмырға жақындаған кейуананың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі. Когершин Хасимова – тыл ардагері. Тоғыз баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ардақты ана бүгінде 22 немере, 11 шөбере және 3 шөпшектің қызығын көріп отыр. Ұрпағының ортасында отырған әжей үшін әр баласының амандығы мен әр немересінің жетістігі – үлкен қуаныш.
⚜️Келесі кезекте 91 жастағы Нұрбек Ұмсын Мейірбекқызының шаңырағына арнайы барып, мерекесімен құттықтады. «Батыр ана» атағының иегері 11 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген. Бір перзентінен айырылған ана бүгінде 40 немере мен 55 шөберенің әжесі. Ғұмырын отбасы мен бала тәрбиесіне арнаған Ұмсын әжей бүгінде де үй шаруасымен айналысып, ұрпағының ортасында берекелі ғұмыр кешіп келеді.
⚜️Кездесу барысында аудан әкімі Азат Оралбаев қос әжеге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық тіледі. Сондай-ақ, аға буынның ел дамуына қосқан еңбегі мен кейінгі ұрпаққа берер тағылымы айрықша екенін атап өтті.
⚜️Мерекелік кездесуде ақ жаулықты әжелерге арнайы сый-сияпат табысталып, ізгі тілектер айтылды. Өз кезегінде кейуаналар да ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен халықтың амандығын тіледі.
⚜️Қариясын қадірлеу – халқымыздың ежелден келе жатқан асыл дәстүрі. Өмірден көргені мол, ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнаған аға буынға құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы.
⚜️Бүгінде олардың ақылы мен батасы, өнегелі өмір жолы – ел үшін баға жетпес рухани мұра.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-ordabin-audany/press/news/details/1303266?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау