ҚҰМЫРАҒА ГҮЛ ӨСІРІП, МИЛЛИОНЕР АТАНҒАН КӘСІПКЕР
Мемлекетке алақан жаймай-ақ қолдағы барымен кәсібін бастап, тың идеяларын жүзеге асыру арқылы теңгені тиыннан құрап, шағын кәсіптің өзінен толағай табыстарға жетуге болатынын дәлелдеп келе жатқан кәсіпкер Аваз Нартаевтың жұмысымен танысқан аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов жоғары бағасын берді.
Қазыбек би ауылдық округінің Қазыбек би елді мекенінде тұратын кәсіпкер осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын көршілес Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударып, үйіргелік 3 соттық жеріне жылыжай салып бастаған. Гүл өсіру мен гүл сату ісін өркендетіп, табыстарын арттырып отырған азамат бүгінде жылыжай аумағын 15 соттыққа жеткізген.
Қарапайым ауыл тұрғынының жылыжайында құмыраға отырғызылған гүлдің 40-қа жуық түрі өсіріледі. Қарасаң көздің жауын алатын гүлдер негізінен Жетісай, Мақтаарал аудандарымен қатар Шымкент қаласының базарларында саудаланады. Бағасы да аса қымбат емес. Қалтаға қонымды.
«Жылыжайымыз көмірмен жылытылады. Гүл деген нәзік келгендіктен жылыжай ішіндегі ауа температурасына аса мән береміз. Біздегі гүлдердің ерекшелігі сол – бәрі құмыраға отырғызылады. Яғни, бізде өсірілетін гүлдерді үй жағдайында күтіп-баптауға болады. Сұраныс та жақсы, жылына үш-төрт рет өнім аламыз» дейді кәсіпкер.
Қазірдің өзінде 10-ға тарта жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, бір жылда 10 млн теңгеге дейін табыс тауып отырған азамат қырыққабат, қияр, қызанақты егу мен тұздау ісін де дұрыс жолға қойған.
«Алғашқы жылдары гүл өсіру ісіне күле қарап, мол табыс әкелетініне сенімсіздік білдіргендер аз болған жоқ. Алайда, жылдан жылға тәжірибе жинақтап, күтіп-баптау ісіне аса мән бердім. Ізденіс жоқ жерде ісің өрге баспайды. Сондықтан, күнделікті ізденіс мені осындай жетістікке жетеледі. Бүгінде өзімнің сүйікті кәсібім бар. Айлық табысым бір әулетті асырауға жетеді» дейді жетісайлық гүл өсіруші.
Табыстың көзін тауып, ерекше кәсіпті меңгерген Аваз Нартаев үйіргелік жылыжайын үшке бөліп қойған. Біріншісінде тұқымнан көшет өсірсе, екіншісінде жер сіңдіреді. Үшінші бөлігінде дайын гүлдер ыдысқа жайғастырылып, сауда нүктелеріне жөнелтіледі.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-zhetisai/press/news/details/1302488?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау