ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясында бірінші курс курсанттарының ант қабылдау рәсімі өтті.
Биыл Академияға қабылданған 300-ден астам курсант ішкі істер органдарында қызмет етуге алғашқы қадам жасады.
Салтанатты рәсімге ІІМ-нің басшылығы, Генералдар кеңесінің толық құрамы, құқық қорғау органдарының ардақты ардагерлері, академия басшылығы мен жеке құрамы, ата-аналар және курсанттардың жақындары қатысты.
Оның алдында бірнеше апта бойы бірінші курс курсанттары оқу-далалық жиыннан өтіп, күн тәртібіне бейімделді, дене шынықтыру және саптық дайындықтан, тактикалық сабақтардан өтті. Бұл кезең олардың академиядағы алғашқы оқу жылына бейімделуіне мүмкіндік берді.
Ант қабылдау кезінде курсанттар Қазақстан Республикасына адал болуға, Конституция мен заң талаптарын сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және ішкі істер органдары қызметкерінің міндеттерін абыроймен атқаруға салтанатты түрде ант берді.
Сала ардагерлері мен академия басшысы осы айтулы күнмен құттықтап, олардың таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарауының маңызын атап өтті.
– Бүгін сіздер қызмет жолдарыңыздағы маңызды белестен өттіңіздер. Ант – үлкен жауапкершілік. Оны күнделікті еңбектеріңізбен, тәртіптеріңізбен және қызметке деген адалдықтарыңызбен дәлелдеулеріңіз қажет, – деді академия бастығы Қалижан Қобландин.
Курсанттар үшін де, ата-аналары мен жақындары үшін де бұл күн ерекше мәнге ие болды. Балаларының ант қабылдағанына куә болған ата-аналар жас курсанттарға ақ тілектерін білдірді. Ал бүгінгі сапта тұрған жас курсанттар үшін алда бірнеше жылдық оқу, кәсіби дайындық және болашақ қызметке қалыптасу кезеңі тұр.
Ант қабылдау рәсімі осылайша курсанттардың ішкі істер органдарындағы болашақ қызметіне бастар жолындағы маңызды белеске айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1303677?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау