Алматы қаласында Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығына қатысушы мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның құзыретті органдарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері (БҰҰ ЕҚБ, ЕҚЫҰ, АҚШ INL) қатысты.
Кеңес отырысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің төрағалығымен өтті.
Қатысушылар өңірлік және халықаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша қатысушы мемлекеттердегі есірткі ахуалы, сондай-ақ қазіргі үрдістер мен жаңа есірткі қатерлері жөнінде пікір алмасты.
Осы тұрғыда синтетикалық есірткілер мен жаңа психобелсенді заттардың таралуы, прекурсорлардың заңсыз айналымы, есірткі қылмыстарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен цифрлық платформалардың қолданылуы кеңінен талқыланып, өңірлік ақпарат алмасу мен талдамалық өзара іс-қимылды жетілдіруге баса назар аударылды.
Сонымен бірге отырыста жасанды интеллект технологиялары мен киберкеңістік мониторингін пайдалану арқылы есірткі қатерлері туралы Бірыңғай мемлекетаралық ерте ескерту жүйесін құру тұжырымдамасының жобасы қаралды.
Бастама жаңа және қалыптасып келе жатқан есірткі қатерлерін ерте анықтау, талдау және болжау мүмкіндіктерін күшейтуге, есірткі нарығындағы өзгерістерге жедел ден қою тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Сондай-ақ күн тәртібінде ОАӨАҮО-ны одан әрі дамыту, оның нормативтік және қаржылық негіздерін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және орталық жұмысына жаңа мемлекеттерді тарту мәселелері де қамтылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес ОАӨАҮО қызметін одан әрі дамытуға қатысты бірқатар шешім қабылдады.
Кеңес отырысы ОАӨАҮО-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы трансұлттық есірткі қылмысына қарсы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ ақпарат алмасу, есірткі қатерлерін ерте ескерту және болжау тетіктерін жетілдіруге арналған маңызды алаң болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1303638?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау