Душанбеде ТМД елдерінің Ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы өтті

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

     1 қазанда Душанбеде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің ішкі істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті.

     Қазақстан атынан ішкі істер министрі Ержан Саденов бастаған делегация қатысты.

     Кеңес жұмысына Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан ішкі істер министрлері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің, ТМД-ға қатысушы мемлекеттер аумағындағы ұйымдасқан қылмыс пен қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюроның және ТМД Терроризмге қарсы орталығының басшылығы қатысты.

     Отырыстың алдында делегация басшыларын Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қабылдап, заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимылда құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

     Отырыста күштік ведомстволардың басшылары бірқатар бағытты қарастырды. Негізгі назар трансұлттық және ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте бірлескен шараларды, сондай-ақ қылмыскерлерді мемлекетаралық іздестіру тетіктерін жетілдіруге аударылды.

     Өз сөзінде Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов әріптестерін қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекетаралық бағдарламаларды іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті. Сонымен қатар ведомство басшысы ТМД елдерінің ішкі істер министрліктерінің интернет-алаяқтыққа, оның ішінде қылмыстық дропперлік схемаларды ұйымдастырушылар мен қатысушыларын бірлесіп ұстауға қарсы іс-қимылдағы практикалық ынтымақтастығын күшейту жөнінде ұсыныстар енгізді.

     Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясының басшысы министрліктің шетелдік әріптестерімен бірлесіп 1998 жылғы 6 наурыздағы Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді өзектендіру бағытында атқарған жұмысына тоқталды. Атап айтқанда, реадмиссия рәсімдерін енгізу және нақты регламенттеу, сондай-ақ депортацияланатын адамдар туралы ақпарат алмасу мәселелеріне өзгерістер енгізу қарастырылған.

     Аталған түзетулер құқықтық олқылықтарды жоюға, рәсімдерді біріздендіруге және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

     Сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағыты бойынша министр Ержан Саденов есірткі жеткізу арналарының жолын кесуге және олардың жаңа түрлері туралы ақпарат алмасуға бағытталған халықаралық операцияларды жандандыруды ұсынды.

     Отырыс қорытындысы бойынша ТМД елдерінің ішкі істер министрліктерінің трансұлттық қылмысқа қарсы күрестегі өзара іс-қимылын одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар бірлескен шешім қабылданды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1303343?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version