Еңбек құқықтарын қорғаудағы жаңа құқықтық ұстанымдар

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Конституциялық Соттың 2026 жылғы маусымда қабылдаған нормативтік қаулылары еңбек қатынастары саласындағы бірқатар маңызды мәселелерді нақтылады

Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты еңбек құқықтарын қорғауға қатысты бірқатар маңызды құқықтық ұстанымдарын жариялады. Атап айтқанда, жалақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алу, жұмысқа қайта орналасу кезінде сотқа жүгіну мерзімдері, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа байланысты қолданылатын еңбек шектеулері қаралды.

Жалақыны өндіріп алу құқығы

Конституциялық Соттың 2026 жылғы 8 маусымдағы №81-НП нормативтік қаулысы қызметкердің жалақысын, үстеме жұмыс үшін төлемдерді және басқа да міндетті төлемдерді өндіріп алу мәселесіне арналған.

Сот Еңбек кодексінің 160-бабында көзделген сотқа жүгіну мерзімі қызметкердің өз еңбегі үшін тиесілі ақшалай қаражатын алуға деген конституциялық құқығын шектемеуге тиіс екенін көрсетті. Егер жұмыс берушінің жалақыны немесе басқа да міндетті төлемдерді төлеу бойынша орындалмаған міндеттемесі болса, мұндай талаптар бойынша Азаматтық кодексте көзделген жалпы үш жылдық талап қою мерзімі ескеріледі.

Бұл ұстанымның маңызы – қызметкердің еңбекке ақы төлеу құқығын сот арқылы қорғау мүмкіндігін қамтамасыз етуінде.

Жұмысқа қайта алу туралы даулар

2026 жылғы 12 маусымдағы №88-НП нормативтік қаулыда жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша сотқа жүгіну мерзімдері қаралды.

Конституциялық Сот Еңбек кодексінің 160-бабындағы белгілі бір санаттағы еңбек қатынастары тараптары үшін жұмысқа қайта алу мәселесі бойынша белгіленген үш айлық мерзімді Конституцияға сәйкес емес деп таныды.

Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін Конституциялық Сот уақытша тәртіп белгіледі. Оған сәйкес, тиісті жағдайларда жұмысқа қайта алу туралы талаппен сотқа жүгіну кезінде бір жылдық мерзім басшылыққа алынуға тиіс.

Осыған байланысты жұмыстан шығаруды заңсыз деп санайтын қызметкер өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгіну мерзімдерін дұрыс анықтауы маңызды.

Квазимемлекеттік сектордағы еңбек қатынастары

2026 жылғы 9 маусымдағы №84-НП нормативтік қаулы квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне қатысты маңызды мәселені нақтылады.

Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2) тармақшасында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда еңбек шартын бұзу мәселесі көзделген.

Конституциялық Сот бұл талаптың квазимемлекеттік сектордағы барлық қызметкерлерге автоматты түрде қолданылмайтынын көрсетті.

Еңбек шартын осы негіз бойынша тоқтату үшін қызметкердің нақты құқықтық және функционалдық мәртебесі, сондай-ақ оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада белгіленген тиісті санатқа жататыны анықталуға тиіс. Яғни ұйымның квазимемлекеттік секторға жатуының өзі еңбек шартын міндетті түрде бұзу үшін жалғыз негіз болып табылмайды.

Құқықтық маңызы

Аталған нормативтік қаулылардың ортақ мақсаты – еңбек қатынастары саласында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және заң нормаларын қолдану кезінде туындайтын мәселелерді нақтылау.

Бұл ретте қызметкерлерге еңбек шарттарын, есеп айырысу құжаттарын, жұмыс уақытын есепке алу табельдерін, бұйрықтар мен еңбек қатынастарына байланысты басқа да құжаттарды сақтап жүру маңызды. Ал жұмыс берушілер еңбек заңнамасының талаптарын ғана емес, Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдарын да ескеруге тиіс.

Конституциялық Соттың жаңа құқықтық ұстанымдары еңбек қатынастарына қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін нақты түсінуге, сондай-ақ еңбек құқықтарын сот арқылы қорғау тетіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Әйтеке би ауданының прокуратурасы

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-aitekebi/press/news/details/1303447?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version