Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры Павлодарда өткен ІІ республикалық «Ертіс-Баян» театр фестивалінің Гран-при жүлдесін иеленді. Бас жүлде ұжымға режиссер Александр Недомолкиннің сахналауындағы «Ромео мен Джульетта» саунд-драмасы үшін берілді.
Биылғы фестиваль белгілі режиссер Ерсайын Тапеновтың 80 жылдығына арналды. Өнер додасына Қазақстанның әр өңірінен келген театр ұжымдары қатысты. Алты күн бойы Павлодар сахнасында классикалық шығармалардан бастап заманауи эксперименттік қойылымдарға дейінгі түрлі жанрдағы спектакльдер көрермен назарына ұсынылды.
«Ертіс-Баян» қатысушылар үшін тек шығармашылық байқау ғана емес, әріптестермен жүздесіп, кәсіби тәжірибе алмасуға, сондай-ақ жаңа шығармашылық жобаларды талқылауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.
Фестивальдегі айтулы қойылымдардың бірі Қарағанды академиялық театры ұсынған «Ромео мен Джульетта» спектаклі болды. Қазылар алқасы қойылымның тұтастығын, серпінділігін және көрерменге түсініктілігін жоғары бағалады. Сахнаның көркемдік шешіміне, декорациясы мен костюмдеріне де ерекше мән берілді.
Қарағанды театры үшін бұл — фестивальдегі екінші жүлде. «Ертіс-Баянның» алғашқы фестивалінде ұжым «Үздік сценография» номинациясы бойынша жүлдеге ие болған еді.
Театр басшысы Құрман Қалымовтың айтуынша, Павлодарға сапардың негізгі мақсаты жүлде иелену емес, спектакльдің жаңа форматын таныстырып, кәсіби тәжірибе жинақтау және әріптестермен шығармашылық байланыс орнату болған.
— Гран-при — өз алдына үлкен жетістік. Бұл біздің театр мен бүкіл ұжым үшін зор қуаныш. Біз мұнда Гран-при алу үшін келген жоқпыз. Ең алдымен жаңа тәжірибе жинақтап, әріптестермен кездесіп, өзара тәжірибе алмасуды көздедік. Біздің спектакльдің ерекшелігі — қазір ғана танымал бола бастаған жанрда жұмыс істейтінімізде. Бұл — саунд-драма. Мұндай қойылымда актерлер мен оркестр бірлесе жұмыс істеп, бір-бірін сезініп, бір ырғақта болуы керек, — дейді Құрман Қалымов.
Гран-при жүлдесінен бөлек, қазылар алқасы режиссура, сценография, актерлік шеберлік және үздік ансамбль номинациялары бойынша да марапаттар табыстады. Ерсайын Тапенов атындағы арнайы жүлде Асанәлі Әшімов атындағы «Алматы әуендері» театрына «Томирис» спектаклі үшін берілді. Ал сыншылардың арнайы сыйлығын А. П. Чехов атындағы Павлодар облыстық драма театры «Ваня ағай» қойылымы үшін иеленді.
Биыл фестиваль республикалық аясын кеңейтіп, халықаралық деңгейге қадам басты. Павлодарға Қырғызстаннан Тоқтоғұл Ажибаев атындағы Алай музыкалық-драма театры келді. Қырғыз театрының фестивальге қатысуы оның географиясын кеңейтіп қана қоймай, халықаралық театр байланыстарын дамытуға жаңа мүмкіндік берді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1303488?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау