Астанада «Әділет» фракциясынан Құрылтай депутаты Дана Медеуованың бастамасымен мемлекеттік органдардың, медициналық ұйымдардың, сарапшылық және кәсіби қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен «Медицина қызметкерінің кәсіби мәртебесі – ұлттық қауіпсіздік факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және қызметіне берілетін кепілдіктер туралы» заң жобасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде ұйымдастырылды.
Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде шамамен 84 мың дәрігер және 196 мыңға жуық орта буын медицина маманы бар.
Сонымен қатар сала алдында бірқатар жүйелі сын-қатерлер сақталып отыр.
Медицина мамандығы күрделене түсуде: медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптар артып, кәсіби жауапкершілік көлемі ұлғайып келеді. Сонымен бірге кадр тапшылығы мен мамандарға түсетін жоғары жүктеме сақталуда.
Соңғы екі жылдың ішінде дәрігер тапшылығын 20%-ға, ауылдық жерлерде шамамен 30%-ға қысқарту мүмкін болды. Дегенмен медициналық кадрларға деген қажеттілік әлі де сақталып отыр.
Жалпы практика дәрігерлері мен терапевтерге, сәулелік диагностика мамандарына, хирургтарға, анестезиолог-реаниматологтарға, педиатрларға және басқа да мамандарға сұраныс жоғары.
«Бүгінде жекелеген шаралардан медицина қызметкерінің кәсіби мәртебесін жүйелі реттеуге көшу маңызды. Маманның құқықтары мен міндеттері түсінікті, тиімді құқықтық және физикалық қорғанысы, кәсіби жауапкершілігінің нақты шекаралары, лайықты еңбек жағдайлары және кәсіби дамуына мүмкіндіктері болуы тиіс. Бұл ретте басты бағдар пациенттің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау болып қала береді», – деді дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде Бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев.
Дөңгелек үстел барысында медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды.
2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медицина мейіргерлеріне және денсаулық сақтау саласының басқа да қызметкерлеріне жасалған 280-нен астам шабуыл фактісі тіркелген. 2025 жылы мұндай 58 факт тіркелді.
2026 жылғы 7 наурыздан бастап кәсіби міндеттерін орындау кезінде медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерінің өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін жауапкершілікті белгілейтін заңнамалық өзгерістер күшіне енді.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарда қосымша қауіпсіздік шаралары – дабыл түймелері, бейнебақылау жүйелері енгізіліп, полиция посттары орнатылуда. Жедел жәрдем бригадалары бейнетіркеу құрылғыларымен қамтамасыз етілуде.
2024 жылғы қазаннан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру тетігі жұмыс істейді. Ол кәсіби қауіптер шеңберінде сақтандыру қорғанысын қамтамасыз етеді.
Медицина кадрларына арналған әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту жұмысы да жалғасуда.
2025 жылы 1 760 дәрігер түрлі әлеуметтік қолдау шараларына ие болды. Ауылдық жерде кемінде бес жыл жұмыс істейтін тапшы мамандықтағы дәрігерлерге 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлем көзделген.
Тағы бір маңызды бағыт – әкімшілік жүктемені азайту.
Қайталанатын процестерді алып тастау және бірқатар рәсімдерді цифрландыру есебінен медицина қызметкерлеріне тән емес әкімшілік жүктеме шамамен 40%-ға төмендетілді.
Қабылданған шараларға қарамастан, одан әрі заңнамалық реттеуді қажет ететін мәселелер әлі де бар. Олардың қатарында кадр тапшылығы мен өңірлік теңгерімсіздік, мамандардың қауіпсіздігі, кәсіби жауапкершілік, әлеуметтік кепілдіктер және кәсіби даму үшін жағдай жасау мәселелері бар.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін нығайтуға бағытталған заңнамалық бастамаларс бойынша жұмысты одан әрі жалғастыруды қолдайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1304339?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау