Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ұзақ жылдар бойы облыстық мәслихат хатшысы қызметін атқарған, педагогика саласының ардагері Василий Ахаевтың үйіне барды. Кездесуге екі себеп – халықаралық Қарттар күні және алда келе жатқан Мұғалімдер күні негіз болды.
Василий Ивановичтің еңбек жолы Глубокое ауданының Прапорщиково ауылындағы туған жерінен басталған. Алғашында мұғалім болып жұмыс істеп, кейін жиырма жылға жуық мектеп директоры қызметін атқарды. 1997-2012 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы болды. Ұзақ уақыт бойы ШҚО соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесінде еңбек етті. Білім беру саласына қосқан үлесі үшін «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болды.
Әңгіме барысында ортақ тақырыптар аз болған жоқ. Нұрымбет Сақтағанов пен Василий Ахаев екеуі де еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Екеуін спортқа, әсіресе волейболға деген қызығушылық та байланыстырады. Олар мектептегі жұмыс, кәсіби жолдары туралы әңгімелесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Келер жылы Василий Иванович 80 жасқа толады. Соған қарамастан, ол қоғамдық өмірге белсенді араласуын жалғастырып келеді. Глубокое ауданының ардагерлер ұйымы президиумының мүшесі. Жұбайы Вера Давыдовнамен бірге өмірлік тәжірибесін немерелеріне үйретіп, үй шаруасымен, бау-бақшамен айналысады.
Кездесу барысында үй иесі қонағына сирек кездесетін сұрыптағы мойыл ағашын және 60 жылдық «Белый налив» алма ағашын мақтанышпен көрсетті. Ерекше күтімді қажет ететін бақ та әңгімеге арқау болды. Василий Иванович күнделікті тіршілігі мен алдағы жоспарлары туралы да ерекше ықыласпен айтып берді.
Аймақ басшысы ардагерге Шығыс Қазақстанның игілігі жолындағы көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдірді. Оның өмірге деген белсенді көзқарасы, сергектігі мен жаңа жоспарларға деген ынтасы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов Василий Ахаевты мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және алға қойған барлық мақсатының жүзеге асуына күш-қуат тіледі.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1304274?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау