Зеренді ауданында ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтуде

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Бүгін, 4 қазанда, Зеренді ауданында сайлау науқаны өтіп жатыр. Ақкөл және Күсеп ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау бойынша дауыс беру учаскелерінде сайлаушылар өз таңдауын жасауда.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Алмат Балтағариннің айтуынша, бүгін округ аумағында жеті учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп жатыр.
Сайлауға дайындық жұмыстары Күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіліп, бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылды. Атап айтқанда, сайлаушылардың тізімдері нақтыланып, үгіт-насихат материалдарын орналастыру орындары, сондай-ақ кандидаттар мен олардың сенімді өкілдерінің тұрғындармен кездесулер өткізетін орындары белгіленді.
Аталған лауазымға алты кандидат ұсынылып, сайлауалды үгіт кезеңінде тұрғындармен кездесіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырды.
Учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы таңғы сағат 7:00-де басталды. Осы уақыттан бастап алғашқы сайлаушылар да өз азаматтық таңдауын жасау үшін учаскелерге келе бастады.
Молодежное ауылында алғашқылардың бірі болып 90 жастағы зейнеткер Иван Скопец дауыс берді. №512 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Дмитрий Безлуцкий қарияны сайлауға қатысуымен құттықтап, ауылдық округ әкімін сайлау – елді мекендердің алдағы дамуына ықпал ететін маңызды қоғамдық-саяси оқиға екенін атап өтті.
Ал №539 учаскелік сайлау комиссиясы орналасқан Азат ауылында алғашқылардың бірі болып зейнеткер Уәлихан Рамазанов азаматтық борышын орындап, дауыс берді.
№539 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Фариза Жетпісованың айтуынша, сайлау науқаны штаттық режимде өтіп жатыр.
Бүгінгі сайлау – ауылдық округтердің алдағы даму бағытын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды азаматтық таңдау. Әр сайлаушының дауысы елді мекендердің болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-zerendy/press/news/details/1304412?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version