Күш-жігер, батылдық, тәртіп пен жауапкершілік – жас кезінен елге қызмет етуге ұмтылған өрендердің бойында қалыптасатын басты қасиеттер.
Жетісу облысы Каратал ауданының Достық ауылындағы Бикен Римова атындағы орта мектеп-гимназияда алғашқы «Жас сақшы» кадет сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
7-сыныптың 17 оқушысы кадет антын қабылдап, алғаш рет погон тақты. Олар үшін бұл жай ғана жаңа форма емес, жауапкершіліктің, тәртіптің және құрдастарына үлгі болуға деген ұмтылыстың белгісі.
Бұл күн жас кадеттердің ата-аналары, туған-туыстары мен жақындары үшін де ерекше сәтке айналды. Өйткені алғашқы погон – үлкен мақтаныш қана емес, жас өрендердің өміріндегі жауапкершілікке бастар маңызды қадам.
Алдағы уақытта «Жас сақшы» кадеттерін жаңа білім, түрлі сабақтар, жаттығулар мен сынақтар күтіп тұр. Мұның барлығы олардың бойында сенімділік, төзімділік, борышқа адалдық және заңға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Бүгін олар алғашқы қадамын жасады. Бәлкім, ертең осы 17 кадеттің арасынан ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қорғауды өмірлік мұратына айналдыратын болашақ полиция қызметкерлері өсіп шығар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1307298?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау