Ақмола облысында қылмыстың төмендеуі байқалады

Жарияланды:

—

Автор:

категорияда

Өңірлік полиция департаментінің 2026 жылдың үшінші тоқсанындағы жұмыс қорытындылары кеңейтілген кеңесте қаралды.

Жұмыс кеңесіне департамент басшылығы, аппарат қызметтерінің және аумақтық бөлімшелердің басшылары, сондай-ақ жеке құрам қатысты.

Кеңесті ашқан Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Нұрсұлтан Мұқашев жыл басынан бері полиция бөлімшелері жедел ахуалды тұрақтандыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізгенін атап өтті.

Қылмыстың кең таралған бірқатар түрлері бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, тонау қылмыстарының саны 51,5%-ға, мал ұрлығы 42,9%-ға, алаяқтық 17,5%-ға, интернет-алаяқтық 14,5%-ға төмендеді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге полицияның кешенді күштері мен патрульдік экипаждардың жұмысын күшейту елеулі үлес қосты. Нәтижесінде қоғамдық орындарда және көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтар, сондай-ақ кәмелетке толмағандар, мас күйдегі адамдар, өтелмеген соттылығы бар тұлғалар және тұрмыстық салада жасалатын қылмыстар саны азайды.

Кеңестің жұмыс бөлігінің алдында қызметтік міндеттерін атқару барысында ерекше көзге түскен жедел бөлімшелер қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Ержан Сәденовтің бұйрығымен криминалдық полиция мен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлеріне ведомстволық наградалар табысталды.

Кеңес барысында жедел-қызметтік жұмыстың негізгі бағыттары бойынша – жедел, тергеу, әкімшілік қызмет және жеке құраммен жұмыс жөніндегі бастық орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.

Анықталған кемшіліктер бойынша оларды жоюдың нақты шаралары белгіленді. Сонымен қатар, жұмыста олқылықтарға жол берген аумақтық бөлімшелердің қызмет нәтижелері жеке қаралып, олардың тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық шешімдер әзірленді.

Талқылаудың жеке блогы қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу мәселелеріне арналды.

Қазіргі жағдайда жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – цифрлық технологияларды енгізу және жетілдіру. Жедел басқарудың шағын орталықтарын ашу, жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде автоматтандырылған жүйелерді пайдалану, бейнебақылау жүйелерін кеңейту, әсіресе білім беру ұйымдарында орнату мәселелері де кеңес аясында қаралды.

Қорытындылай келе, Нұрсұлтан Мұқашев жеке құрамды Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының тапсырмаларына сәйкес қойылған міндеттерді сапалы әрі адал орындауға бағыттады.

Қазіргі кезеңдегі басым міндеттердің қатарында құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» бастамасы аясында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бар.

Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, вандализм мен заңсыз граффити салуға қарсы іс-қимыл, түнгі автожарыстардың алдын алу, полиция қызметіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ қызметтік тәртіпті нығайту және қызметкерлер тарапынан заң бұзушылықтарға жол бермеу мәселелері де басты назарда қалып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1307781?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version