Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұловтың 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған халықпен есепті жүздесулері Бірінші Мамыр ауылдық округінен басталды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жылдың алғашқы жартыжылдығында жүзеге асырылған шараларды саралау, алдағы кезеңге белгіленген міндеттерді айқындау және елді мекен тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен талап-тілектерін тікелей тыңдау.
Жиында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы Төлеби ауданының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, атқарылған бастамалардың нәтижесін баяндады. Сонымен қатар алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар мен жоспарлар туралы айтып өтті.
Аудан басшысы елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту және жұртшылықты алаңдатқан түйткілдерді кезең-кезеңімен шешу бағыттарына басымдық берілетінін атап өтті.
Басқосу барысында Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі Бақытбек Маусымбеков 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өткен есепті жиында көтерілген мәселелердің орындалу барысы жөнінде баяндап, қолға алынған шаралардың нәтижесін таныстырды.
Жиында ауылдық округ тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, ауылішілік жолдардың жай-күйін жақсарту, электр желілерін ретке келтіру, ауыз сумен қамтамасыз ету, көпірлердің жағдайын жақсарту, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті жол кедергілерін орнату жөнінде ұсыныстар айтылды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктелді. Айтылған ұсыныстардың шешу тетіктері талқыланып, олардың орындалуын бақылауда ұстау қажеттігі ескертілді.
Жиын соңында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы ауылдық округ тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Азаматтар өздерін толғандырған сауалдарын тікелей аудан басшысына жеткізіп, ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Әрбір өтініш мұқият тыңдалып, көтерілген сауалдарды қолданыстағы заңнама аясында шешу жолдары қарастырылды.
Халықпен тікелей жүздесу – елді мекендердің тыныс-тіршілігін бағамдап, жұртшылықтың көкейіндегі сауалдарды ашық талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Мұндай басқосуларда айтылған ұсыныстар алдағы кезеңдегі басым бағыттарды нақтылап, ел игілігіне бағытталған міндеттерді жүйелі түрде жүзеге асыруға негіз болады.
Жауап қалдыру Жауапты болдырмау