Премьер-министр Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Балқаш қаласына барды. Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқаланы әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысады.
Қарағанды облысы, оның ішінде Балқаш қаласы – еліміздің ірі өнеркәсіп орталықтарының бірі. Өңір экономикасының негізін тау-кен металлургия кешені құрайды. Негізгі өндіріс орындарын жаңғыртумен қатар жаңа бағыттарды, шағын және орта бизнесті, туризмді дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Өнеркәсіптік әлеуетті нығайтумен қатар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға көңіл бөлінуде. 2026 жылы Қарағанды облысының әлеуметтік саласын дамытуға 432 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде білім беру саласына – 298 млрд теңге, мәдениет пен спортқа – 63 млрд теңге, әлеуметтік қамсыздандыру саласына – 55 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 15,7 млрд теңге бағытталды.
Өңірге барған Премьер-министрге әуежайды жаңғырту нәтижелері мен автомобиль жолдарының сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов ұзындығы 363 шақырым болатын «Қарағанды – Балқаш» және 200 шақырым болатын «Қарағанды – Қарқаралы» автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталғанын баяндады. Ұзындығы 457 шақырым болатын «Қарағанды – Жезқазған» тасжолын реконструкциялау жалғасуда. Өңірде барлығы 643 шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылды, осы мақсаттарға 61,3 млрд теңге бағытталған. Алдағы үш жылда 875 шақырым автожолды жөндеу жоспарлануда, бұл 2029 жылға қарай нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесін 97%-ға дейін ұлғайтады.
Премьер-министр көтерген мәселелер бойынша әкімдікте Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы 1071 жол-құрылыс материалының сынамасын алғанын, оның 81%-ы нормативтік талаптарға сәйкес келгені баяндалды. Анықталған 155 сәйкессіздікті жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, белгіленген 7 автоматтандырылған өлшеу жүйесі республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бойынша 1859 ұйғарым шығарды. Алдағы екі жылда өңірде тағы автоматтандырылған өлшеу жүйесінің 12 бірлігін орнату жоспарлануда.
Премьер-министр өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мен әкімдіктерге жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырмалар берді.
— Президент өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғырту, әсіресе жолдардың сапасын жақсарту мәселесін әрдайым атап өтуде. Орталықтан қажетті қаражат бөлінуде. Жергілікті жерлерде оның мақсатты жұмсалуына, ең бастысы – жұмыс сапасына бақылауды күшейту қажет. Ел ішіндегі және халықаралық маңызы бар жолдар барлық сапа стандарттарына сәйкес келуі керек. Әкімдік өзіне сеніп тапсырылған аумақтағы жұмыстарды бақылауға алуы тиіс. Азаматтардың шағымдарының басым бөлігі дәл осы ішкі жолдарға қатысты. Бұл мәселені қатаң бақылауға алыңыздар, — деп атап өтті Премьер-министр.
Биыл Қазақстанда 11 мың шақырымнан астам автомобиль жолы құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Соңғы 7 жылда елімізде 36,3 мың шақырым автожол салынып, жөнделді.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Балқаш қаласының 1967 жылы салынған әуежайын кешенді жаңғырту нәтижелерімен танысты. Жоба Мемлекет басшысының инфрақұрылым нысандарын жаңғырту, ішкі әуе бағыттарын дамыту және туристік аумақтардың көлік қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде жүзеге асырылды. Қаржыландыру елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен де қамтамасыз етілді, осы мақсаттарға Арнаулы мемлекеттік қордан 946 млн теңге бөлінді.
Жаңғырту аясында ұшу-қону жолағына шығатын жол мен перрон қайта жаңғыртылды. Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2,5 мың метр, ені 42 метр. Әуежайдың тарихи сәулеттік келбеті сақтала отырып, әуевокзал ғимараты жаңартылды. Терминалдың аумағы 1,8 мың шаршы метрден 2,7 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 60-тан 80 жолаушыға дейін артты. Ұшу қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін 11 бірлік жаңа арнайы техника және заманауи жабдық сатып алынды. Бүгінде әуежай инфрақұрылымы Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) стандарттарына толық сәйкес келеді.
Туризмді одан әрі дамыту үшін Балқаштың әлеуеті зор. Қаланың тартымдылығын арттыру мақсатында көлік және инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Жазғы маусымда сұраныстың артуына байланысты Астана – Балқаш және Алматы – Балқаш бағыттарында субсидияланатын әуе рейстері аптасына бес рет орындалды. Бұдан бөлек, Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша теміржол қатынасы іске қосылды. 2026 жылғы жазғы маусым қорытындысы бойынша Балқашқа шамамен 200 мың турист келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,3%-ға көп. Туристік қызметтен түскен кіріс 4 млрд теңгеден асты. Жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар өңір экономикасын дамытуға қосымша жағдай қалыптастырады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1307393?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау